Түркістан облысы Мамыр ауылына газ құбыры тартылғанымен, тұрғындар оның игілігін көре алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы Мамыр ауылына газ құбыры тартылғанымен, тұрғындар оның игілігін көре алмай отыр

14.01.2019

Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Мамыр ауылына осыдан үш жыл бұрын газ құбыры тартылғанымен, жұрт әлі күнге оның игілігін көре алмай келеді. Ауыл халқы 2014 жылы бұл іске мемлекеттен қаржы бөлінгенін күтпей-ақ, құрылыс компанияларымен өздері келісім жасасып, газ желісін тарту жұмысын бастап кеткен. Қағаз жүзіндегі келісімшарт негізінде 200-дей шаңырақ мердігерге ақшаларын алдын ала беріп те қойған. Алайда, бұл тірлік көп өтпей тоқтап қалды. Бүгінде көгілдір отын тұрмақ, жүргізілген құбырлардың өзінің әр жері кесіліп, жұрт берген ақшасын қайтіп дауларын білмей жүр.

Жасы алпыстан асқан Айболған апаның таңертеңнен іңір түскенше дейін осылай көмір тасып, күл шығарудан қолы босамайды. Бес бөлмелі үйді жылыту үшін бір қыста 6-7 тонна көмір жағады. Жылда табиғи газ келіп, бұл азаптан құтылармын деп үміттенеді. Бірақ, биыл да күткені болмады.

Айболған Мамыр, ауыл тұрғыны:

- Осы қыста күттік келетін шығар деп. Онымен келмеді.

Ауылдағы 520-ға тарта шаңырақтың қыста көрген күні - осы. Көмірдің тоннасын 15 мыңнан сатып алады. Әр шаңырақ 250 мың теңге ақша берсе, газ құбырын үйдің ішіне дейін тартып береді дегенге бәрі қуанған. Іле-шала қарызданып-қауғаланып, сол ақшаны тауып бергендер көп.

Рысқұлбек Бердімұратов, ауыл тұрғыны:

- Екі жылдан бері уәде береді. Сылтауы да, әңгімесі де көп. Ақшасы жоқ болса, неге жұмысты алады мойындарына.

Мердігер мекеме газ тарату компаниясы өзге де құзырлы орындардан құрылысқа рұқсат беретін құжаттардың барлығын рәсімдеп алған. Жұрттан жиналған 8 млн теңгеге бірнеше көшеге құбыр жүргізілген.

Ғани Қалмахан, тілші:

Ауыл тұрғындарын табиғи газ тұтыну мүмкіндігінен мына бір метр ғана жер бөліп тұр. Былтыр теміржолдың астын қазып, іргедегі Бадам елді мекенінен құбыр тартылды. Қазір осы құбырға газ келіп тұр. Сондай-ақ, оны ары қарай ауылға таратып реттейтін қондырғы да орнатылды. Енді екеуінің арасын жалғауға рұқсат қана керек болып тұр.

Тұрғындардың жанайқайынан соң, мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын жүргізуге қайта кірісті.

Уәлихан Дүкенбай, мердігер компанияның менеджері:

- Газ мына жерге дейін тартылып қойған. Бір-екі аптаның ішінде кіреді. Құжаты дайын болған үйлер жағады.

Мердігер уәдесінде тұрса, ақпан айынан бастап Мамыр ауылының тұрғындары көгілдір отын жағып, игілігін көрмек. Ол үшін әрбір үй жеке есепшот ашып, келісімшартта белгіленген төлемді аударуы қажет.

Ғани ҚАЛМАХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу