Сынамадан өткен халал шұжықтардың 143 түрінен шошқа ДНК-сы табылды. Ал, сүт өнімдерінің 99 маркасының құрамы қорапта көрсетілген ақпаратқа сәйкес болмай шықты. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Жалпы, азық-түліктің адам денсаулығына қауіпсіздігі бойынша тексеріс ай сайын жүргізіліп тұрады. Былтыр ел бойынша 70 мың өнімге зерттеу жүргізіліп, олардың 10 мыңға жуығы талапқа сай емес болып шыққан. Талап бұзғандардың басым бөлігі тауарды таңбалау бойынша ережелерді елемеген екен. Жалпы, былтыр 22 тонна өнім «қауіпті» деп танылып, өндірістен алып тасталынған. Кәсіпкерлерге 70 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Айта кетерлігі, сапасыз өнімнің жартысынан астамы импортқа тиесілі.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Министрліктің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ҚР АШМ-ге Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы өнімдерінің 18 өндірушісіне қатысты материалдар жіберді. Олар бойынша ветеринариялық-санитариялық шаралар, оның ішінде күшейтілген зертханалық бақылау қабылданды.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.