Азаматтар енді еңбекке уақытша жарамсыздығын куәландыратын анықтаманы онлайн түрде ала алады. Жеке куәлік орнына саусақ ізі қолданылатын күн де алыс емес. Биыл қыркүйек айынан бастап азаматтарға жеке басын растау үшін саусағының ізі жеткілікті болады. Сондай-ақ, елімізде неке тіркеу рәсімі 1 айдан 3 күнге қысқарады. Жалпы, мемлекеттік қызметтерді электронды форматта көрсетуді дамыту бағытында көптеген заңдарға өзгерістер енгізіліп, кешенді шаралар атқарылып жатыр.
Үйлену енді бұрынғыдан оңай болады. Елімізде неке тіркеу рәсімі бір айдан 3 күнге қысқарады. Бұл электрондық түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландырудың арқасында жүзеге асып отыр. Биыл қағаз түрінде ұсынылатын 110 миллион құжат қысқарып, мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы цифрлық жүйеге көшеді. Ал, 2020 жылы көрсеткішті 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- Біздің электронды үкімет қазір e-GOV 2.0. сатысында. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында біз e-GOV 3.0. сатысына көтерілу жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл саты Оңтүстік Корея, Австралия, Сингапур, Ұлыбритания мен Данияда қолданылып жатыр. e-GOV-қа 8,5 миллионнан астам тұтынушы тіркелген. 2018 жылдың өзінде осы портал арқылы 30 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Ал, халық электронды түрде ең көп денсаулық сақтау саласына қатысты қызметтерді пайданаланады екен. Былтыр енгізілген медициналық мекемеге тіркелу және дәрігерді таңдау қызметін 4 ай ішінде 70 мың адам таңдаған. Биыл да медицина саласына жаңалық енгізіледі. Енді еңбекке уақытша жарамсыздығын куәландыратын анықтаманы үйден шықпай-ақ ала алады.
Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» МК Басқарма төрағасы:
- Жарақат алса, ол ауруханадан шығып, парақты алып, тиісті комиссияға барып, сол комиссиядан шешім алып, қайтадан ХҚКО-на келеді. Тиісті жәрдемақы алу үшін бірнеше мемлекеттік қызметке жүгінеді. Ал, осы пилоттық жобамен 4 аймақта ауруханадан алынған тиісті ақпарат барлық тиісті органдарға беріледі. Яғни, шешім онлайн қабылданатын болады.
Өткен жылдың соңында наркологиялық, психологиялық және тубдиспансерлер анықтамасын да портал арқылы алу мүмкіндігі пайда болған еді. Жұмысқа орналасар кезде талап етілетін қағаз үшін енді ол мекемелерге сандалудың қажеті жоқ. Елді елең еткізген тағы бір ноу-хау – саусақ ізі арқылы адамның жеке басын растау. Алғашында Астана мен Алматыда ғана енгізілген қанатқақты жоба осы жылдың қыркүйегінен бастап жаппай барлық орталықта пайдаланылады. Бұл жүйенің арқасында мемлекеттік қызмет алу үшін жеке куәліктің де, электрондық қолтаңбаның да қажеті қалмайды.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.