Павлодардағы әлемдегі жалғыз күйтабақтар музейі жойылып кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардағы әлемдегі жалғыз күйтабақтар музейі жойылып кетуі мүмкін

15.01.2019

Әлемде баламасы жоқ, тек Керекуде ғана бар жалғыз күйтабақтар музейі жойылып кетуі мүмкін. Жергілікті өнертанушылар мен зиялы қауым осылай деп дабыл қағуда. Себебі, жергілікті билік мәдениеттің жауһары саналған бірегей нысанды оңтайландырмақ көрінеді.

Қазақ музыкасының фольклорын зерттеп, мұра қылып қалдырған Брусиловскийдің шәкірті де өзінен аумайды. Наум Шафер қазақтың ән-жырына ғашық. «Патефон құлағын бұрап-бұрап жіберіп, «Балбырауынды» тыңдасам, ерекше күйге бөленемін», - дейді. Бұл - осы туындының қобыз бен домбыра үндестігіндегі сақталған түпнұсқасы.

Болат Аманбаев, тілші:

- Бұл жерде 27 мыңнан астам күйтабақ сақталған. Көбі түпнұсқа. Коллекция сонысымен құнды. Яғни, әлемдік және қазақ ұлттық музыкасының еш жерде кездеспейтін үлгілері бар.

Мұның бәрін Наум Шафер ғасырға жуық ғұмырында жиған. Мол мұраны сақтап қалу үшін жергілікті билік 18 жыл бұрын Шафер үйін музейге айналдырды. Содан бері бюджеттен қаржыландырылады. Ал, биылдан бастап әлемдегі жалғыз күйтабақтар музейі Павлодар қаласындағы әдебиет жәнер өнер музейінің бір бөлімшесі болып тіркелді.

Гүлзира Баширова, облыстық Мәдениет, архив және құжаттама басқармасы басшысының м.а:

- 2001 жылдан бергі 18 жылда «Шафердің музей үйіне» бюджеттен 110 млн. теңге қаржы бөлінген. Мемлекеттік органдар тарапынан болған тексеруден кейін бізге мемлекет есебінен жеке коллекцияны сақтауға болмайды деген ұсыныс жасалды.

«Жеке коллекциямды мемлекетке тапсырамын», деп мұрагерлік хат қалдырған Наум Шафердің көңілі күпті енді. Ол құнды күйтабақтардың сапасын жоғалады деп алаңдайды.   

Наум Шафер, өнертанушы, сазгер:

- Мен өзімнің есімім сақталып қалсын демеймін. Наум Шафер мүзей үйі демей-ақ, басқаша атай берсін. Өмір бойы жинаған коллекциямның болашағы не болады? Алматыда кино, сурет және дыбыстық құжаттар сақталатын мемлекеттік архив бар. Бізді соның бөлімшесіне айналдырса, құба-құп дер едім. Бабинолы, лазерлі таспалардай емес, күйтабақтардағы дыбыс мәңгілік өшпейді ғой. Осыны түсіну керек.

Мұнда  әр жұма сайын музыкалық кештер өтіп тұрады. Өнерсүйер қауым теңдессіз туындыларды тыңдап, құлақ құрышын қандырады. Алайда, күйтабақтар музейінің ендігі болашағына алаңдаған зиялы қауым өкілдері бүгін Үкіметке хат жазды. Музыкалық мұра халықтық болып қалуы үшін араша сұрайды.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу