Жамбылдық жас ғалым егістік алқаптарын қайта қалпына келтіретін тыңайтқыш зат ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдық жас ғалым егістік алқаптарын қайта қалпына келтіретін тыңайтқыш зат ойлап тапты

18.01.2019

Жамбылдық жас ғалым тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді қайта қалпына келтіретін тыңайтқыш зат - биомелиорант ойлап тапты. Инновациялық жобалар байқауында озып шыққан ғалымның өнертабысы ауыл шаруашылығында сұранысқа ие болатын сыңайлы. Жерді өңдеудің тың әдісін әуелі жергілікті диқандар байқап көрмек.

Дәулет Егембердиев ұсынған тыңайтқыш заттың құрамы өте қарапайым. Кәдімгі жантақ өсімдігі, көң және фосфогипс. Қолданылатын шикізат жергілікті, қоршаған ортаға еш зияны жоқ әрі шығыны аз. Дәстүрлі әдіс бойынша қолданылатын 40 тоннаға дейінгі фосфогипс пен қиды 500 келі биомелиорант алмастыра алады.

Дәулет Егембердиев, жас ғалым:

- Минералды тыңайтқыштар өсімдікке молекула түрінде жүретін болса, биомелиорант ион күйінде жүреді. Бірден 5-10 есе көп өнім беріледі.

Биомелиоранттың тағы бір тиімділігі - тұзданған жерлерді қайта қалпына келтіріп, 5 пайызға дейін құнарлылығын арттырады. Тың әдіс егін егіп отырған шаруашылықтарға тиімді болмақ. Мәселен, мың гектардай жерді игерген Мейрамбек Сүтібаевтың серіктестігі тұзды жерлерді қайта қалпына келтіре алмай отыр.

Мейрамбек Сүтібаев, серіктестік басшысы:

- Бізде суармалы жерлер жоқ. Енді қолдан суғарайын деп жатырмыз. Жергілікті ғалым тыңайтқыш ойлап тауып жатса, бағасы арзан болса, қолдаймыз.

Жақында ғана республикалық жобалар байқауында «Ең үздік жас ғалым» атанған оқымыстының жобасы әзірге тәжірибе күйінде қалып отыр. Алайда, өңірдің 70 пайызын табиғи шөлейт жерлер алып жатыр. Қазір құмға жақын аудандарды шөл басу қаупі барын ескерсек, жас ғалымның жаңалығы кәдеге асары анық.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу