Жүргізушілерді жөнге салу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүргізушілерді жөнге салу керек

18.01.2019

Астанадағы автобус жүргізушілерінің жетеуі жүргізуші куәлігінен айырылды. Олардың барлығы - жол ережесін өрескел бұзғандар. Жалпы, былтыр қоғамдық көлік жүргізушілері мыңнан астам ереже бұзса, биылғы жарты айдың ішінде тағы 80 дерек тіркелген. Тәртіпке бағынбайтындар қайта оқуға жіберіледі немесе мүлдем жұмыстан шеттетіліп жатыр.

Бұл - осыдан бір ай бұрын әлеуметтік желілерді шарлаған бейнежазба. Автобус жүргізушісі мүмкіндігі шектеулі жанға көмек беруден бас тартады. Анығына келгенде, ол көлігінен шығып, арбаға таңылған жолаушыны көлікке отырғызуға міндетті болған. Тіпті, жүргізушілер үшін арнайы нұсқаулық та бар екен.

Жеңіс Жалбыр, «Astana LRT» ЖШС көлік мамандары біліктілік орталығының директоры:

- Автобусты тоқтатып, автобустан шығады. Қолғабын киеді. Арнайы пандусты шығарады. Қолғабын шешеді. Адамды коляскасымен бірге салонға арнайы орынға тіркеп, белдігін салады да, аялдамаға шығатын батырманы көрсетеді.

Самат Шәймерденов, «Astana LRT» ЖШС көліктік бақылау департаментінің директоры:

- Жүргізуші бірден жұмысынан шеттетілді. Ол қазір қайта оқудан өтіп жатыр. Соңында емтихан тапсырады. Егер сол емтиханды ойдағыдай тапсырса, автобус жүргізушісі болып қайта қабылданады.

Осындай оқиғалардың алдын алу үшін арнайы рейд ұйымдастырылды. Қоғамдық көліктердің пандуспен жарақтануы мен жүргізушілердің жұмысы тексерілді.

Жадырасын Сәдуақасов, қала тұрғыны:

- Қыстыгүні сәл қиындау. Бірақ, мамыр, маусым айларында мен мүмкіндігінше автобуспен жүруге тырысамын. Біздің халықты білесіздер, пандусты тастамай-ақ өздері көтеріп, кіргізіп жібереді.

Қазір Астанада қала ішіне қатынайтын 1100-ден астам автобус бар. Оның 628-і пандуспен жарақталған. Алдағы 3 жылда құрылғы қоғамдық көліктердің барлығына орнатылмақ. Ал, «Нұр Отан» партиясы жүгенсіз жүргізушілерді жөнге салудың басқа жолын ұсынып отыр.

Владислав Сергеев, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

- Техниканы арнайы құрылғымен қамтамасыз етсек те, жүргізушілердің сауаттылығы өте маңызды. Олар дұрыс көмек көрсете алуы керек. Сондықтан, біз партия атынан мынадай ұсыныс жасап отырмыз. Ең тәртіпті жүргізушілерді жыл соңында арнайы сыйлықтармен марапаттамақпыз.

Астанада арбаға таңылған 1200 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың ішінде барар жеріне автобуспен қатынайтындары саусақпен санарлық. «Егер қызметтің сапасын арттырсақ, көрсетілген көмекті пайдаланушылар да көбейеді», дейді мамандар.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу