Түркістан қаласында өтемақы төңірегіндегі дау әлі басылар емес. Бұзылуы тиіс тұрғын жайларының дұрыс бағаланбағанын алға тартқан тұрғындар баспаналарынан көшуге қарсылық танытып отыр.
Көлемі 160 шаршы метр болатын үлкен үйде бүгінде 12 жан тұрады. Есік алдында тұрмыстық қажеттілік үшін салынған 3 бөлмелі баспанасы тағы бар. Иесінің айтуынша, үлкен үй күйдірілген кіріпіштен, ал, шағын тұрақжай саманнан соғылған. Үй иесі осындай айырма бола тұрса да, бағалаушы мекеме екі ғимаратты бірдей өлшеммен және ең төменгі бағамен есептеді деп күйінді.
Гүлбаһар Хайтова, қала тұрғыны:
- Біздің үйлеріміз орталықта. Оны шеткі үйлермен салыстарып, ақшамызды төмендетіп есептеген. Жеріміздің құнын да түсіріп жіберген. Қазір шаршы метрі нарықта 150 мың. Ал, біздікін 70 мыңнан есептеген.
Гүлбаһарды қосқанда 40 отбасының басындағы хал осы. Айтуларынша, бірінің жері, екіншісінің баспанасы, тағы бірінің қора-қопсысына берілетін өтемақы дұрыс есептелмеген. Оның үстіне, кейінгі кездері шаһарда тұрғын үй бағасы күрт өсіп кетті. Мемлекеттің өтемақы үшін берген қаржысына үй сатып алу мүмкін болмай тұр.
Гүлнар Зайниева, қала тұрғыны:
- 5,5 миллион беріп тұр. Ол бағаға ешқандай үй келмейді. Ескі үйдің өзі де келмейді. Жердің бағасының өзі Түркістанда 5-7 миллион.
Рәбия Әбдікәрімова, қала тұрғыны:
- Жұрттың бәрінің айтатыны, мұның бәрі ескі үй ғой. Біз ескі болса да, осында өмір сүрдік. Енді қайда барамын?! Ең болмаса, 15 млн. берсе. Мұз қалашығын да салып жатыр ғой. Шыршаға да кетіп жатыр.
Бүгінгі таңда Ясауи кесенесі төңірегіндегі бұзылуға жататын нысандардың 161-інің мүліктері түгел бағаланды. Оларға өтемақы беру үшін қазынадан 1 млрд. 907 миллион теңге бөлініп отыр.
Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі:
- Біздің бағалаушы мекемемен келіспеген жағдайда кез келген азамат өз қаражатына бағалау жасатуға құқы бар.
Бұл дауға енді нүктені тек сот қана қояды. Мүлікті бағалау компанияларының ұсынған есебінің дұрыстығына төрелік айтатын да солар. Сондай-ақ, өтемақыға келіспеген азаматтардың ісі де заң арқылы шешіледі.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.