Семейде «Қазэлектромонтаж» АҚ-ның жұмысшылары былтырдан бері жалақыларын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде «Қазэлектромонтаж» АҚ-ның жұмысшылары былтырдан бері жалақыларын ала алмай жүр

22.01.2019

Талай табалдырықты тоздырып, тауы шағылғандар мекемені сотқа да берген. Сотта жұмысшылар жеңіп шықты.

Ержан Жақып, тілші:

Тоғыз айдан бері жалақыларын ала алмай жүрген «Қазэлектромонтаж» мекемесінің жұмысшылары ай сайын мекеменің алдына жиналады. Еңбекақыларын сұрағанымен, ешқандай нәтиже жоқ. «Төзіміміз әбден таусылды», дейді. Үміттерін үзбеген жігіттер бүгін тағы жиналған.

«Тоғыз айда тоқсан түрлі сылтау естуден жалықтық», дейді жұмысшылар. Маңдай тер еңбектерінің өтеуін 115 адам ала алмай жүр. Күнкөріс әбден қиындаған соң, тең жартысы жұмыстан кеткен.

Сәкім Ермеков, электрмонтаждаушы:

- 9 айдан бері жалақы ала алмай жүрміз. Бармаған жеріміз жоқ. Маған 900 мың қарыз.

Радик Насыров, темір шебері:

- Қолдан келгенше күнелтіп келеміз. Үйде жұмыс істейтін туыстарым көмектесіп отыр. Шыдам таусылды. Шарасыздықтан сіздерге жүгінуге тура келді.

 «Қазэлектромонтаж» - өңірдегі ең ірі мекеменің бірі. 500 кВт-қа дейінгі электр желілерінің құрылысымен айналысып келген. Жабылудың аз-ақ алдында тұрған кәсіпорын былтыр ірі тапсырыстарының бірінен ақы ала алмай қалған. «Мердігерлердің бірі ақша төлемей, сан соқтырып кетті», дейді. Қазір жұмысшыларға қарызы 57 млн теңгеге жетіп отыр.

Эльдар Байканов, «Қазэлектромонтаж» АҚ директоры:

- Соның салдарынан «АТФ банк» алдындағы қарыздарды кесте бойынша жаба алмай қалдық. Банк бізді банкрот деп тану үшін сотқа берді. Есепшоттарымыз бұғатталып қалды.

Бүгін жұмысшылармен кездесуге қала әкімі де келді. «Тығырықтан шығудың жолын таптық» деген ол инвестор ерте келген.

Әділжан Дуганов, инвестор:

- Біз 11 ақпанға дейін 50 пайыз жалақыны төлейміз. 22 наурызға дейін қалған бөлігін береміз. 11-нен бастап кассаға келіп, еңбекақыларын ала берулеріне болады. Мында барлық қарыз жазылған. Жұмысшылар өздері тексеріп алсын.

Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:

- Енді бүгіннен бастап осы жұмыстың реттелуін бақылауға алуымыз керек. Осы жоспарды бірлесе іске асырайық.

Жалақыдан бөлек, кәсіпорынның өзге де қарыздары 300 млн теңгеге жеткен. Бұл мәселені де инвестор толық шешіп беруге уәде етіп отыр.

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу