Бизнес ашу жеңілдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бизнес ашу жеңілдеді

24.01.2019

Астанада 125 мың кәсіпкерлік нысан тіркелген. Көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Бұл туралы кәсіпкерлікті дамыту жөнінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Елордада бизнесті оңай жүргізуге қалалық әкімдік те біраз көмек көрсетіп отыр. Атап айтсақ, кәсіпкерлікті бастаудың талаптары жеңілдетіліп, көп қызмет цифрландырылған. Аукциондар да онлайн режимде өткізілетін болыпты. Мәселен, бас қалада жұмыс істейтін әр бесінші азаматтың үшіншісі шағын және орта бизнес саласында қызмет етеді екен.

Әлішер Әбдіқадыров, Инвестиция және кәсіпкерлерді қорғау басқармасының басшысы:

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Астана қаласы экономикасында орта және шағын бизнестен келген түсім 61 пайызға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 пайызға өсті. Бұл елордада бизнес жүргізудің жылы климаты қалыптасқанының көрсеткіші деуге болады. Алдағы уақытта да осы қарқынмен жұмыс істейтін боламыз.

Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, 28 қаңтарда бас қалада көше саудасына арналған орындарды бөлу аукционы басталады. «1000 орын - көше саудасы» бағдарламасы аясында аукцион толықтай онлайн режімде жүргізілмек. Ал, «блокчейн» технологиясы оның 100 пайыз ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұған дейін аукцион адамдардың қатысуымен жүргізіліп келген болатын. Бұл кәсіпкерлерге қолайсыздық туғызып, ұзақ уақытты алатын процесс еді.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу