Ертеңнен бастап республикалық маңыздағы 3 автожол ақылы жүйеге көшеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертеңнен бастап республикалық маңыздағы 3 автожол ақылы жүйеге көшеді

25.01.2019

Ертеңнен бастап жолды пайдаланғаныңыз үшін ақы төлейсіз. Иә, республикалық маңыздағы үш автожол ақылы жүйеге көшеді. Тарифтері бекітілді. Ең арзаны 100, ал, қымбаты 5900 теңге. Бірақ, тегін жүретін көлік иелері де бар. Олар қызметтік міндетін атқарып жүргендер, жедел жәрдем, өрт сөндіру және тасымал. Сонымен қай бағыттар бойынша қандай өзгерістер бар?

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Біз Теміртаудан Астанаға кіреберіс жерде тұрмыз. Бүгінде көліктер арғы бетке кедергісіз өтіп жатыр. Алайда, ертеңнен бастап шлагбаумдар жабылады. Тек діттеген жерге жету ақылы түрде жүзеге асырылмақ. Әйтпесе, кері бұрылуға тура келеді.

Сонымен осы аралықтағы жол жүру құны алдын ала төлем жасағандарға 200, ал, өткізу пунктінен 400 теңге деп бекітілді. Бірақ, қарама-қарсы қатынас ұзақтығы сол қалпы. 137 шақырым. Онда баға неге әркелкі?  

Сараланған тарифтің саясаты да сол. Көлік жүргізушілерін төлем құралдары арқылы алдын ала ақша аударуға дағдыландыру. Сөйтсе, өткізу пунктінде еш іркіліс болмайды. Себебі, ақысы төленген машина нөмірі бекеттегі базадан шығып, шлагбаум автоматты түрде ашылады. Ал, маңайлас ауылдарда тұратындар жылына 1000 тг. төлейді. Тек көлігі сол елді мекенде тіркелуі тиіс.      

- Күніне 4-5 рет қатынаймыз. Сондықтан, 1000 теңге қымбат емес. Бірақ, сол жиналған мың теңге жолдың, халықтың игілігіне жұмсалса екен деп тілейміз.

- Қарсы бағытты бөлген соң жол-көлік оқиғалары азайды. Бұрын айнала қап-қараңғы болатын. Қар, жауын болып, боран болғанда алдың көрінбейді. Жарықтандырып, жақсы қылды.

Мұндай ақылы жүйе тағы екі бағытқа енгізілген. Алматы-Қапшағай арасы 100 бен 200 теңге болса, Алматы-Қорғас жолы 300 немесе 600 тг. Баға шақырымына байланысты. Дегенмен, жоғарыдағы жол жүру ақылары тек жеңіл көлік иелеріне тиесілі. Басқа транспорттан салмағы мен сыйымдылығына қарай алынады. Үш бағыт бойынша ең көп төлем 800, 2700 және 5900 теңге.

- Мен шетелде тұрғанмын. Онда жолдар ақылы, үйреніп кеттім. Тайғақ, тұман кездерінде асфальтты тазалап отырса, болды. 

- Шұңқыр болса жөндейді. Меніңше, дұрыс деп ойлаймын. Ертең жолды қадағалайды.

Күре жолдардағы көлік ағыны қатты. Тәулігіне Алматы-Қапшағай арасында 20 мың, Алматы-Қорғас ортасында 6 мыңнан астам, ал, Астана-Теміртау бағытында 8 мыңдай машина зулайды. Сондықтан, автожолдардың сапасын жақсарту, апатты азайту, логистиканы жетілдіру – негіз болған. Осы үштарам жолдың жалпы ұзындығы 470 шақырым. Оны салуға бюджеттен 250 млрд. тг жұмсалған.    

Сәтжан Аблалиев, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

- Негізінен, төрт жолақты, цемент-бетонды жолдардың бағасы бір шақырымы 550-600 миллионға дейін барады. Бюджет қаражатына салынғанына байланысты жол салуға салынған қаржыны қайтаруды көздемейді. Ол тек қана жолды күтіп ұстауға, қыстыгүні, жаздыгүні кішкене жөндеу жұмыстарын жасауға жететін деңгейде ғана тарифтер қойылып отыр.

Бұған үш бағыттан бір жылда 4 млрд. тг көлемінде қаржы жиналады. Жалпы, мұндай ақылы жүйе бұрынырақ «Астана-Щучинскке» енгізілген еді. Бастысы, жинақ орынды жұмсалып, рөлдегілер жол азабын тартпаса болғаны. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу