Жоба тек өңірдегі кәсіпкер әйелдерге арналған. Қазақстанның 14 облыс орталығына баратын арнайы кеңесшілер шамамен 250 мың әйелді үйретпек. Көп кәсіпкерлер ісін ашып алады да, әрі қарай қалай жүргізіп, клиентті қайдан табарын білмей дал болады. Мемлекеттік бағдарламалардан да хабары жоқ. Осы ретте жоба аясында ханымдар негізгі 4 бағыт бойынша оқытылады. Яғни, маркетинг, ақпараттық технология, қаржы және даму. Бағдарламаға тек нарыққа шыққанына 1 жыл болған, әлі де аяғынан тұрып кетпеген шағын кәсіпорындар қатысады. Сондай-ақ, қарамағындағы қызметкерлер саны 10-нан, жылдық айналымы 100 мың еуродан аспауы тиіс. Әлбетте, басшысы әйел болуы шарт.
Алма Қасымова, Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша менеджері:
- Бұл бағдарламаға 200 мың евро бөлініп отыр. Жобаның донорлары – Ұлттық экономика министрлігі және Еуропа қайта құру және даму банкі. Қазір шағын бизнесте әйелдер көп. 35 пайызы сауда және қызмет көрсету саласында істейді. Олар тиісті қолдауды ала алмай жатыр. Үлкен тәуекелге баруға шамалары да жоқ. Бағдарлама аясында олар тек бизнестің тілін үйреніп қана қоймай, бизнесін өркендету мақсатында біздің білікті кеңесшілермен жұмыс істейтін болады.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.