Аралға келетін туристердің қатары жылдан-жылға көбейе түсуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аралға келетін туристердің қатары жылдан-жылға көбейе түсуде

29.01.2019

Әлемге танымал жолсерік кітапқа «Арал теңізінің табанында қалған кемелер» арнайы туристік нысан болып енгізілген. Сондықтан, өңірге келетін туристердің қатары жылдан-жылға көбейе түсуде. 2016 жылы Аралға 70 мың шетелдік келсе, былтыр саяхатшылар саны 50 пайызға артқан. Расымен де, оларды қайраңда қалған к емелер қызықтырады. Сондықтан, жергілікті билік теңіз табанында қаңтарылған 4 кемені қалаға жақындатты, ескі порттың орнын ашық аспан асты мұражайына айналдырды. Қазір бұл - еліміздегі жалғыз балықшылар музейі.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Бір кездері дәл осы жерде тіршілік қайнады. Теңіздің тулаған толқыны қаланың іргесіне тірелді. Күніне жүздеген кеме келіп-кетіп жатты. Яғни, бұл жерде Арал порты болды.

Арал балықшылары ашаршылық кезінде Волга бойындағы халыққа 14 вагон балық жөнелтті. Ол тарихта алтын әріптермен жазылған. Ал, қайраңда қалған кемелер  ашық аспан астындағы мұражайға айналды.

Теңіздің ең терең жеріндегі бұл кемелер - өткеннен қалған құнды жәдігер.Әрқайсысы өзінше ерекше. Жазда бұл жерге туристер көптеп келеді. Көпшіліктің әсіресе, кезінде ақ желкенін керіп, теңіздің толқынына қарсы жүзген Лев Берг кемесіне қызығушылығы жоғары.   

Айбек Медетбаев, балықшылар мұражайының меңгерушісі:

- «Лев Берг» деген үлкен кемеміз институттың зерттеу кемесі болған. Теңіздің ащылығын, тұщылығын, тереңдігін зерттейтін кеме болған. Ең үлкен, күрделі кемеміздің бірі. Туристер көбіне Жапония, Оңтүстік Корея, Чехиядан келеді. Оларды теңіздің қалай жоғалып кеткені, қалай тартылып кеткені қызықтырып, теңіздің ұлтанын көргісі келеді. 

Кеменің іші құнды жәдігерге толы. Мұнда балықшылар өмірінен сыр шертетін 2 мыңға жуық экспонат бар. Бұл - Арал теңізінің алғашқы картасы. 1850 жылы Англияда басылған. Сан алуан майшам, алып кемелердің техникалық құралдары, аудың алуан түрі - мұның барлығы ата кәсіптің кешегісі мен бүгінін паш етеді.

Айбек Есмағамбетов, ғылыми қызметкер:

- Бұл маяк шамның өз ерекшелігі бар. Яғни, белгі беру, бірін-бірі шақыру үшін пайдаланылған. Үлкен айдынды теңізге 10 қайықшы шықса, солар сағат сайын бір-біріне белгі беріп отырған. Осы маяк шамды жағу, сөндіру ретінде. Бұл құнды жәдігерді қарт балықшыдан алып келдік.

Шығыр-жылым яғни, ау тартуға арналған құрал. Қыстыгүні мұздың үстіне орнатылып, түйеге жегіледі. Бұдан бөлек, ағаш сапты сүймен, зәкір, балықшылар қосы мұражайдан орын алған. Өткен ғасырдың 70-жылдары Арал теңізінде 32 түрлі балық болған. Теңіз тартылғанда жоғалып кеткен сол су маржандарының барлық түрі осы музейде сақтаулы.   

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу