Өнерімен өрге жүзсе де, ұлты мен жерін жатсынбаған ұлымыздан қалай ғана айналмаймыз? Оны жер бетіндегі мүйізі қарағайдай майталмандар да мойындап, әлемнің түкпір-түкпірінде Димаш десе, ішкен асын жерге қоятындар саны күннен-күнге көбейіп бара жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Димаш брендке айналды. Көпшілікті оның балалық шағы, күнделікті тұрмыс-тіршілігі, киетін киіміне де қызықтыра бастады. Ал, оның орындауын тұңғыш рет тыңдағандар тамсанып, көңілшектеніп, көз жасына ерік беретіндер аз емес. Тіпті, кей шетелдік ғалымдар Димаш феноменін де зерттей бастапты.
Дара Димаш, дана Димаш. Бала Димаш. 13 жасында «Қазақстан - Ақтөбе» телеарнасына берген сұхбаты салмақты ой мен сүбелі сөзге тұнып тұр. Бала Димаштың арманын жігіт Димаш орындай алды.
Туа біткен таланты бар Димаштың ата-анасы Қанат және Светлана Айтбаевтар елімізге еңбегі сіңген қайраткерлер. Бала кезінен өнерге бет бұрған Димаштың музыканы кәсіби түрде оқып жүргеніне биыл 20 жыл. Ол Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебі мен музыка колледжі, қалалық оқушылар сарайы, Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алған. Қазір осы ордада магистратурада композитор мамандығын меңгеруге кірісті.
Бұл Димаштың аты әлі жер жармай тұрған кез. Алғашқы бейнебаяндар, өз бағытын іздеген Димаш. Ал, оның шетелдік сахнаны алғаш рет бағындырып, жұлдызы жанған сәт - 2015 жылғы «Славян базары». Бұл байқауда Димаш Құдайберген гран-при алады.
Ал, 2017 жылы Қытайдағы «I’m a singer» додасында ол миллиардты мойындатты. Міне, сол кезден бастап әлемнің әр шетінде оның талантына тамсанғандар көбейді.
Димаштың бұлай әсер етуінің сыры неде? Қарапайым халықтан бастап майталмандарға дейін оның талантынан бөлек, табиғилығы, шынайылығына тәнті болып отыр.
Абзал Мұхитдинов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Ерекше әсер еткен нәрсе – Димаштың көзі. Өйткені, адамның көзі ішіндегі барлық рухани байлығын көрсетеді. Тембр жағынан қарасаңыз, өте бай тембр. 5 октаваға дейін баратын диапозон. Жер жүзінде мұндай әншілер жоқ деп айта аламын.
Кезінде «Жас қанат» байқауында қазылық етіп, Димаштың даралығын байқаған қазақ дирижері осылай дейді. Ал, кей шетелдік өнер майталмандары «мұндай дарын 100 жылда бір туады» деген баға берген. Атағы мен абыройы әлемге танылғандардың өзі онымен танысуға құштар. Ал, Димаш құрметіне құрылған фанклубтарда сан жоқ.
Димаш Құдайбергеннің талантына бас игендердің бірі - Еуразия ұлттық университетінің доценті, ақын Оңайгүл Тұржан. Ол құрметін кітап арқылы білдіріп отыр.
Оңайгүл Тұржан, «Димаш» кітабының авторы:
- Димаштың әніне деген сезім, көрермендердің ықыласы өзінен-өзі мақала болып басталып жазылды. Мақаланың ар жағы кеңейіп, осындай кітапқа ұласты. Димаш туралы айтылатын әңгіме әлі де болады деп ойлаймын. Өйткені, мұндай деңгейдегі талант туралы жазылатын дүниелер, айтылатын әңгімелер әлі алда.
Тек қазақтың маңдайына біткен таланттың талабы таусылмай, қанаты талмаса болғаны. Көп тілеуі сол.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.