Ақмола облысының Бурабай ауданында жылу ақысы 6 пайызға арзандады. Бұл - отандық ғалымдардың инновациялық жобасының нәтижесі. Енді Щучье қаласының жылу қазандықтары бұрынғыдай мазут емес, отын ретінде су-мазутты эмульсияны пайдаланады. Бұл экономикалық және экологиялық жағынан тиімді. Шаһарда осы су-мазутты эмульсияны дайындайтын модуль ашылды. Бурабай ауданында мазутты жағатын 5 жылу қазандығы бар еді. Енді олардың барлығы жаңа отынға ауысты. Соның нәтижесінде тариф тағы да төмендейді деп күтілуде.
Айта кетейік, жобаны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірнеше ғалымы бірлесіп жасаған.
Қайыркелді Мусин, Бурабай аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
- Баламалы отын дайындалғаннан кейін оны 1 ай сақтасақ та, қасиеті жойылмайды. Демек, тасымалдауға ыңғайлы. Одан қалды отын толығымен жанып кетеді. Ауаға ұшатын зиянды заттар мөлшері азаяды. Бұл оның экологиялық пайдасы. Қондырғыны орнатуға 180 миллион теңге жұмсалды, оны біз бір жылда ақтап шығарамыз. Биылдың өзінде 50-60 миллион теңге үнемделеді. Осыған дейін тәулігіне 100-120 тонна мазут жағылса, ендігі көрсеткіш 100-ден төмен болады.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.