Қазақ химиктері жаңалық ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ химиктері жаңалық ашты

01.02.2019

Алаш жұртына ақжолтай хабар! Қазақ ғалымдары титанды ыдыратудың тәсілін ойлап тауып, Жер шарына беймәлім болып келген жаңалық ашты. Жаратылыстану саласының бұл құпиясын ашу үшін ондаған жылдар бойы үздіксіз зерттеу жасалған. Енді Жер бетінде қоқыс ретінде сақталып келген миллиард тонна титанның қалдықтарын ерітіп жіберуге мүмкіндік туды. Жалпы, бұл ақжолтай жаңалықтың ел экономикасына берері не?

«Титанның қышқыл су ерітінділеріндегі постэлектролиздік химиялық еру құбылысы» ғылыми жаңалығы ұзақ жылдарды қажет еткен ұжымдық жұмыс. Оның негізгі авторы - академик Әбдуәлі Баешов. Қосымшы авторлары - профессор Ажар Баешова және доцент Ғани Ізтлеуов. Ал, ғылыми жетекшісі - академик Мұрат Жұрынов.

Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті:

- Мәскеудегі академияның шешімімен біздің жұмысымызға ғылыми жаңалық деген лауазым берілді. Бұл ғылыми жаңалық бұрын адамзатқа белгілі болмаған құпияны ашқан үшін беріледі.

Әбдуәлі Баешов, химия ғылымдарының докторы:

- Бізге дейін титан ерімейтін металл деп айтып келген ал, біз соны ерітіп, соның көптеген қосылыстарын алып жатырмыз. 

Уақыт бәріне таразы. Ғалым Әбдуәлінің бұл жаңалығын бүгінде әлем мойындады. Себебі ол бірнеше жыл бұрын бастаған зерттеуін өзгелер сенбейді екен деп, орта жолдан тоқтатпай аяғына дейін жеткізді.

Ғани  Ізтлеуов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің экология кафедрасының доценті:

- «Ғылым инемен құдық қазғандай» дейді. Осы жұмысты біз 13 жыл бойы жүргізіп келе жатырмыз. Өткен жылы осы жұмыстың нәтижесін Ресей Ұлттық ғылым академиясына жаңалық ретінде құжаттарды дайындап жібердік. Бүгінгі таңда марапаттауға ие болып отырмыз. 

Жалпы, еліміздегі өндіріс орындарынан шыққан қалдықтардың көлемі 30 млрд тоннаға жақындап қалды. Ал, әлемдегі тұрмыстық қалдықтардың көлемін болжап білу қиын. Оларды ыдырату арқылы табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін жаратылыстану саласындағы осындай жаңалықтардың маңызы ерекше. Сондықтан бұл нәтижені әлемнің ғалымдары соңғы он жылдың көлеміндегі ең айтулы жаңалық деп бағалаған.  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу