Жоба аясында бір жылда 937 адам арнайы білім алды. 394 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы, өңірде 2019 жыл жаппай кәсіпкерлікті қолдауға арналмақ. Кешенді жол картасы әзірленді. Оны жүзеге асыру үшін 32 миллиард теңге жұмсалады. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін жарты миллион теңге бөлінді.
Мынау мыңғырған мал Мереке Төребаеванікі. Ол «Бизнес бастау» жобасы бойынша жеңілдетілген пайызбен 2 миллион теңге несие алып, кәсіп бастаған. Бәрі өзі ойлағандай болды. Жылқысы көбейіп келеді, ісі өрге домалауда.
Мереке Төребаева, кәсіпкер:
- Отбасылық кәсіп, сол 2 миллионға 2 жас пен 5 жас аралығында 6 бас аналық жылқы алдық, қалған жем-шөбіне жолдасым көмек берді, атам көмек берді. Осы кәсібімізді әрі қарай дамытып, мал басын көбейтіп, мемлекетке зор үлесімізді қосқымыз келеді.
Ал, Орынкүл Оразбаева мемлекеттің қолдауымен тігін цехын ашты. Басты мақсаты - мүмкіндігі шектеулі ұлы мен келінін жұмыспен қамту еді. Шағын кәсіпті бастау үшін несие алды, қажетті техникалар сатып алды. Қазір ешкімнен кем емес, үшеуі ортақ іспен айналысып, табыс табуда. Орынкүл өз балаларынан бөлек, өзге де тағдыр тауқыметіне ұшыраған 15 адамды жұмыспен қамтып, олардың да отбасын асырауға жағдай жасап отыр.
Орынкүл Оразбаеваның ұлы Айболат қазір нағыз ісмер. Тігістің неше түрін біледі. Бұзылған құрал-қондырғыларды өзі жөндеп, іске қосады. Алғашқыда тігін цехында көрпе, көрпеше тігілді, кейін түрлі киім-кешек, мектеп формасын дайындай бастады. Сұраныс жоғары болғандықтан, іс өтімді. Азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке тартуда «Бастау» жобасы өте нәтижелі. Мереке, Орынкүл секілді тірлік бастап, кәсіп дөңгелетуге ынталылар көбейді.
Фархад Әбжаппаров, облыстық Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
- 2018 жылы «Бизнес бастау» жобасы бойынша біздің облыста 1600 адам оқытылды, оның ішіндегі 1309 азамат оқуын аяқтады деген сертификат алды, 291 азамат оқуға қатысқандығы туралы сертификаттарын алды. Қазіргі таңда ол азаматтардың ішінде 394 азамат 700 миллионнан астам қаржыларын алып, өз кәсіптерін бастап, жұмыстарын жүргізуде.
Арнайы білім алып, кәсіпкерлік негіздерін меңгергендердің 90 пайызы - ауыл азаматы. «Бизнес бастаудың» мақсаты - осы. Жаңа жұмыс орындарын ашуды, шалғайдағы елді мекен тұрғындарының әлеуетін көтеруді көздейді. Біз айтқан кейіпкерлерге қарап, мемлекеттік бағдарламаның мақсат үдесінен шығып жатқанын көруге болады.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.