Маңғыстауда жас кәсіпкерлердің қатары артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда жас кәсіпкерлердің қатары артты

04.02.2019

Маңғыстаулық жастар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жеке кәсіп ашуға бет бұрды. Былтыр бизнестің қыр-сырын меңгерген 200-ден астам жастың 50-і бүгінде кәсіпкер атанған. Іскер азаматтар үшін әсіресе «Бизнес –бастау» бағдарламасының көмегі зор болды. Нәтижесінде, жастардың мұрындық болуымен өңірде наубайхана, кондитерлік дүкен, дәмхана, шаштараз секілді шағын және орта бизнес нысандарының қатары көбейді.

Әбдусамат Ақтаудағы мейрамханалардың бірінде бас аспаз. Бүгін ол еуропалық ас мәзірін дайындауда. Аспазшы оны Франция мейрамханаларынан үйреніпті. Ал, Италия және Испанияда  түрлі тұздықтарды жасаудың қыр сырын меңгерген. Шетелден жинаған тәжірибесі бүгінде талғампаз тұтынушылардың көңілінен шығуда. 

Әбдусамат Мұхамеджанов, бас аспаз:

- Елбасы Ақтау қаласын туристік қала қыламыз деп айтты. Туристер келу үшін қала даму керек.

Әбдусамат секілді сұранысқа ие, табысы жоғары жұмысты дөңгелетіп әкеткен жастар көп. Былтыр 5 жас кәсіпкерге «Нұр капитал» жобасы бойынша қаржылай көмек берілді. «Бизнестің жол картасы-2020», «Бизнес бастау», «Еңбек» бағдарламалары арқылы қолдау алып, шағын және орта бизнеске қадам басқандар бар.

Мирлан Хажгереев, облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздің өңірде Атамекен КП, Даму қоры, 2-деңгейлі банктер бар. Сол мекемелерге барып, нақты мәлімет алып, өз кәсібін жүзеге асыруға мүмкіндік өте мол.

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды оқып, алыс-жақын шетелдермен тәжірибе алмасуға қазір мүмкіндік мол. Осы мақсатта облыста «Жаңа серпін» орталығы жұмыс істейді. Өз кәсібінің білгірі Әбдусамат та болашақта біліктілігін шыңдай түспек. Ол түрлі  ұлттардың ас мәзірін игеріп, дәмі тіл үйірер сан алуан тағамды әзірлеуді көздейді. Аспазшының арманы - үлкен мейрамхана ашу.    

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу