Еліміздегі ең шебер дәнекерлеуші Павлодар қаласында тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі ең шебер дәнекерлеуші Павлодар қаласында тұрады

04.02.2019

Еңбегімен еленген жан. Еліміздегі ең шебер дәнекерлеуші Павлодар қаласында тұрады. Маманның кәсіби шебер екендігін әлемдегі 58 мемлекет мойындап, арнайы сертификат берген.

Шебердің қолы - алтын. Темірді түйген Асылхан Дүйсекеевтің бүгінде алдына түсер дәнекерлеуші жоқ. Кеңестік кезеңнен-ақ кәсібінің қыр сырын меңгерген маманды ел ғана емес, алыс-жақын шетел түгел мойындаған.

Асылхан Дүйсекеев, дәнекерлеуші:

- 18 жасымда бірінші рет аппаратты қолыма алғанмын. Сосын ақырын-ақырын үйреніп, міне, 60 жасқа келдім. Одан басқа, жұмысқа қатынасқан жоқпын. Тек қана дәнекерлеу.  

Содан бергі 42 жылда бармаған жері жоқ. Ресейдегі қорғанысқа қажетті қарулар дайындайтын кәсіпорындарда, Мурманскідегі сүңгуір кеме жасайтын зауытта небір күрделі құрылғыларды иінге салып, қиюын келтіріп берді. Қазір Асылхан Дүйсекеев қашықтытқтан оқытуға арналған виртуалды дәнекерлеу тренажері арқылы түсті металлургия саласына мамандар даярлайтын білім ошағында дәріс береді. Ал, негізгі жұмысы «Қазақстан Алюминийі» зауытында. 5-6 разрядты 200-ден аса дәнекерлеуші еңбек ететін үлкен ұжымды басқарады.

Анатолий Шевчук, механик:

-Біз бір жылдан аса уақыт бойы кәсіпорынға бас дәнекерлеуші қызметіне адам іздедік. Міне, сол кезде біз Асылхан Дүйсекеевті таптық. Ол оқытушы әрі шетелдерге арнайы шақырту бойынша барып, дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүр екен. Мұндай маман елімізде жалғыз екендігіне мен кепілдік беремін.

Дәнекерлеудің үш түрі бар. Электр, газ және аргон. Шебер соның үшеуін де меңгерген. «Темірді дәнекерлеу – суретшінің туындысы секілді, талғам мен ыждаһаттылықты талап етеді», - дейді ол.

Асылхан Дүйсекеев, дәнекерлеуші:

- Дәнекерлеудің иісін жақсы көремін. Үй тұр ғой, суы жоқ. Екі құбырды аласың да қосып бересің. Сөйтіп, үйлерге су бересін.

Қазіргі уақытта ортан қол дәнекерлеуші 150-300 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Ай сайын мұндай табыс табу - кеңсе қызметкерлерінің қолынан келе бермейді. «Сондықтан, мен жастарға жұмысшы мамандығынан қорықпауға кеңес беремін», - дейді еңбек адамы.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу