Екібастұз жылу электр станциясының жұмысқа жарамдылығын арнайы комиссия анықтайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұз жылу электр станциясының жұмысқа жарамдылығын арнайы комиссия анықтайды

05.02.2019

Кәсіпорындағы маңызды деген барлық агрегаттар қайта тексеріліп, сараптама жасалады. Бұл тексеріске бір апта бұрын жылу орталығында ауысым басшысының қайнап тұрған суға күйіп, қайтыс болуы себеп болды. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде станцияның техникалық жағдайы мүшкіл екенін жариялаған хабарлама мен бейнероликтер қаптап кетті.

Қазір станцияны 6 бірдей өкілетті органның қызметкерлерінен жасақталған комиссия тексеріп жатыр. Қазандық агрегатындағы жарылған құбыр сараптамаға жіберілді.

Виктор Вебер, Екібастұз жылу электр станциясының басшысы:

- Қылмыстық іс қозғалды. Комиссия жұмысқа кірісті. Олар оқиғаның нақты себебін анықтайды. Содан кейін мамандар кінәлі деп шешім шығаратын болса, бәрі заң жүзінде жауап береді.

39 жастағы ауысым басшысы қысым өлшегіш құралды тексеріп жатқан кезде құбыр жарылып, қайнап тұрған ыстық суға күйіп, қайтыс болды. Іле әлеуметтік желілерде станциядағы қазандық агрегаттары әбден тозған, жұмысшыларға қауіпті екендігі туралы ақпарат тарады.

Сәкен Келдібаев, марқұм болған жұмысшының туысы:

- Мына кәсіпорында барлық құбырлар, жабдықтар ескірген, жұмысқа жағдай жоқ деп айтып отыратын.

 «Екібастұзжылуэнерго» серіктестігі «бұл осыдан 7 жыл бұрынғы жағдай», деп отыр. 2017 жылы станцияда күрделі жөндеу жүргізілген. Қайтыс болған Ержан Жақсыбаев кәсіпорында 10 жыл жұмыс істеді. Қайғы жұтқан марқұмның отбасына 1 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Александр Захарьян, «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС бас директоры:

- Оның 7 млн 300 мың теңге несиелік қарызы бар екен. Соны өтеп береміз. Мамыр айында марқұмның зиратын саламыз. Зайыбымен ажырасып, жеке тұрады екен. 13 жастағы қызы бар. Сол бала 18 жасқа толғанға дейін қаржылай жәрдем жасалады.

Жыл басында монополист компания «алдағы жазда кәсіпорында жөндеу жүргізілетіндіктен, Екібастұз қаласында ыстық су болмайды» деп жариялаған. Жергілікті әкімдік мұны құптамайды.

Нұржан Әшімбетов, Екібастұз қаласының әкімі:

- Қала әкімдігі прокуратура мен Табиғи монополияларды реттеу департаментіне өтініш түсірді. Станцияның жазғы уақытта жұмысын тоқтатуы қаншалықты заңды? Соны анықтасын.

Станциялардың қысқы маусымға дайындығы, агрегаттар мен ыстық су жүретін құбырларды сараптамадан өткізу кәсіпорындардың өздері ғана атқаратын ішкі жұмыстары болып есептеледі. Адам өліміне соқтырған оқиғадан кейін ғана аймақтағы монополист компанияда алғаш рет тәуелсіз комиссия тексеру жүргізетін болды.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу