Түрмеде тепкі көріп, бопсалауға іліктік. Павлодардағы 162/4 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың бірі осылай деп мәлімдеме жасап, бейнежазбаны әлеуметтік желіде таратты. Аймақтағы Қылмыстық атқару жүйесі басқармасы бұл деректі растады. Бейнежазбаның иесі Рустам Аманжолов қарақшылық әрекеті және ұрлық жасады деген айыппен 10 жылға сотталған. Ол бұған дейін жазбаша түрде Бас прокуратураға арызданған. Ал, бұл жолы Аманжолов түзеу мекемесінде оны өлтіруі мүмкін екенін айтып, жазасын өтеушілерге қысым жасап жатқан қылмыстық атқару жүйесі мамандарының аты жөндерін тізбектеген. Тар қамақтағыларды тепкінің астына алып, ақша бопсалау мекемеге жаңа бастық тағайындалғаннан кейін басталды дейді.
Рустам Аманжолов, жазасын өтеуші:
- Ақша ғана емес, дүние-мүлік, тіпті ірі қара мен қой, ешкіге дейін сұрайды. Мұны дәлелдейтін сотталғандардың туыстары бар. Олар не бергендерін айтып береді.
АП162/4 түзеу мекемесінің бастығы осыдан екі апта бұрын Шығыс Қазақстан облысынан ауысып келген болатын. Қазір осы оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылып, тексеру басталды.
Мәдина Нұркенова, облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бөлім бастығы:
- Комиссия құрамында Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері, Ішкі қауіпсіздік және облыстық прокуратура мамандары бар. Барлық айтылған мәліметтер жіті тексеріледі. Біз алдымен оқшауланған мекемедегі жазасын өтеушілер ұялы телефонды қайдан алғанын анықтайтын боламыз.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.