Ауа райы салдарынан Астанадан Қызылордаға баратын пойыз орта жолда істен шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауа райы салдарынан Астанадан Қызылордаға баратын пойыз орта жолда істен шықты

06.02.2019

Ауа райының күрт бұзылып, аяздың күшеюінен Астанадан Қызылордаға баратын пойыз орта жолда тоқтап қалды. 300-ге жуық жолаушысы бар № 92 тальго пойызы Қарағанды облысының Айса станциясында бірнеше сағат тұрып қалған. Ары қарай жүруге жарамсыз болғандықтан, Қарағандыға қайтарылды. Жолда қалған азаматтар Қарағандыда бірнеше сағат аялдап, қайта билет алып, әбігерге түсті. Олардың арасында балалар мен мүгедектер де бар. Вокзал басында оларға медициналық көмек көрсетіліп, ас-ауқат берілді. Жолаушылар тасымалдаумен айналысатын компания билет құны 100 пайыз қайтарылатынын айтты. Енді жұртты ары қарай діттеген жеріне жеткізу үшін басқа пойызға қосымша вагондар тіркелді. 

Нұрәділ Айтмұхамбетов, жолаушы:

- Біз Ақадырда 4 сағат тұрдық. Ешкім ештеңе айтпады. Одан кейін азанға таяу бізге Қарағандыға қайта ораламыз деді. Техникалық ақау бар деді. Таңертең келдік. Пойыздың бригадирі бізді Күтіп Алады Деді.

Бақыт Арнабол, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қарағанды учаскесінің басшысы:

- Ауа райының күрт бұзылып, аяздың күшейуіне байланысты пойыздан ақау шықты. Сондықтан, қауіпсіздік үшін кейін қайтаруға мәжбүр болдық. Билет құны 100 пайыз өтеледі. Жолаушыларды ары қарай үйлеріне жеткізу үшін «Астана-Сарыағаш» пойызына қосымша тағы 6 вагон тіркедік. Бұл пойызға билет тальгоға қарағанда арзандау.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу