Теміржол саласында жемқорлық тыйылмай тұр. Әсіресе, билеттің алып-сатарлары салаға да, мемлекетке де үлкен шығын әкеп отыр. Пойыздың билетін жаппай өздері алып, бұқараға басқа бағамен сататындар да сол теміржол саласының мамандары, тіпті бір ай бұрын алайын десең билет таппайсың.
Бұл бейнежазбаны зерттеу жүргізген агенттіктің мамандары Қарағанды облысында түсірген. Жолаушы көп жүретін бағытқа билет алмақшы болып кассаға барады. Ол жерде билеттің жоқ екендігін естіп, пойызға отырудың басқа жолын іздеген ол ақыры алып-сатарлық жолмен билет табады.
Шыңғыс Қабдолла, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының орынбасары:
- Біздің өткізген шаралардың нәтижесінде теміржол тасымалында жемқорлыққа жол берген ұйымдасқан топтар да анықталды. Олардың ішінде жолсеріктер де, басқарушы қызметте отырғандар да бар. Билет сатқандар да, жүк тасу үшін вагон бергендер де, осының бәрін қадағалағандар да пара алған.
Әлдекім билетті жаппай сатып алған соң қарапайым халық барар жеріне жете алмай дал болады. Сәйкесінше, сұраныс өсіп, сол алып-сатар бағаны еселеп қосады үстіне. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары мәселені жуық арада ретке келтіруді көздегенімен темір жолдағы тасымалдаушылар олқылықтың орнын толтыру үшін әлі бірнеше жыл керек деп отыр.
Данияр Сабырбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры:
- Біз жазға дейін жаңа жүйені іске қосу керекпіз. Басында пилоттық жоба енгізіп, тағы бірнеше жылдан соң толық жұмысқа кірісіп жүретін уақыт жоқ. Сол бірнеше жыл бойы жемқорлыққа жол беріп жүреміз бе?
Данияр Нұрмағамбетов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директорының орынбасары:
- Біз позициямызды өзгертпейміз. Себебі, біз ТМД теміржолдарының бір бөлігіміз. Сондықтан, олардың ережелерімен де санасуымыз керек. Жобаны әзірге ел ішінде ғана қоса аламыз. Сосын, сату жүйесін жазға дейін толық өзгерту мүмкін емес. Бұл бір күндік шаруа емес.
Жүк тасымалында да шикілік көп. Өткен аптада ғана бірнеше қызметкер пара алды деген күдікпен ұсталды. Сондықтан, қос тарап мәселені қайта қарайтын болып уағдаласты.
Оңғар АЛПРЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.