Талдықорғанда смарт аялдамалар орнатылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда смарт аялдамалар орнатылып жатыр

08.02.2019

Талдықорғанда жыл сайын аялдама жаңарады. Бір нұсқасы бітпей жатып, екіншісі қойылады. Қазір облыс орталығына ақылды аялдамалар орнатыла бастады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Бұл аялдаманың құны 2 млн. 800 мың теңге. Талдықорған қаласына дәл осындай аялдамалардың 50-ден астамы орнатылды. Тағы да 40 шақтысы орнатылады деп күтілуде. Ал, бұл заманауи жылы аялдама. Бұл жерде Wi-Fi желісі, телефон қуаттағыш және автобустың кестесі бар. Мұндай аялдамалардың құны 8 млн7 теңге. 

Қазір қалаға дәл осындай 6 жылы аялдама қойылды. Тағы екеуі орнатылып жатқан жерінен қайта алынып тасталды. Қақаған аязда сая бола ма деген тұрғындардың үміті желге ұшты.   

Жания Қадірәлі, қала тұрғыны:

- Салып жатқан, одан кейін қайтадан аяқ астынан алып тастады. Негізі, жылы аялдама болған бәріне дұрыс еді.

Теміргүл Мұратбекова, қала тұрғыны:

- Кешке қарай тұрған. Ертеңгісін келсек, алып тастапты. Сонда мұны кім алып тастаған? Не үшін қойды? Не үшін алып тастаған?

Бір аялдаманы мердігерлер билікпен ақылдаспай қойды десе, енді бірі көшедегі күрделі жөнделеді деп сендірді. Алдағы уақытта шаһарда тағы 4 смарт аялдама пайда болады.

Данияр Жаңыс, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- 2019 жылы Қабанбай батыр көшесіне кең жолақты асфальт салынып, тротуары кеңейіп, қайта жөндеуден өтеді. Осыған орай, қазіргі қойған смарт аялдамаға жолдың ортасында қалып қалу қауіп төнді. Сондықтан, қазір ескірмей тұрғанда басқа жерге алып қойдық.

Ал, бұл - қала кіреберісіндегі күн көзінен қуат алатын тағы бір әмбебап аялдама. Мұның құны 11 млн. теңге. Мердігерлер ұсыныс ретінде орнатқан. Қала билігі бағасына келіспегендіктен, есігі ашылмай есіл дүние босқа тұр.   

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу