Өскемен іргесінде атауы жоқ ауылдар бар. 100-ден астам отбасы өз мекеніне ресми атау беруді немесе осы маңдағы басқа ауылға қосуды сұрап отыр. Облыс орталығының дәл іргесінде тұрған Үлбі кенті де жергілікті биліктің назарынан тыс қалған. Көшесінде жарық жоқ, бірақ қабаған иттері көп бұл елді мекендерде Шығыстағы тілшіміз болып қайтты.
Меновное кентінің маңынан жер беріле бастағалы 8 жылдан асты. Содан бері 100-ге жуық отбасы үй салды. Бірақ, аудан инфрақұрылымнан әлі жұрдай. Электр қуатын жеке кәсіпкерден сатып алады. Орталық су және жылу жүйесіне қосылмаған, жолдардың да жағдайы мәз емес.
Сара Ламбукова, ауыл тұрғыны:
Біз кімге қарайтынымызды түсінбейміз. Меновной кентіне ме, қалаға немесе Ұлан ауданына кіреміз бе деген сұрақ мазалайды. Осыны нақты айтып, елді-мекенімізге атау берсе. Өзіміз әзірге «Тмутаракань» деп атап жүрміз.
Ежелде Тьмутаракань деп алыстағы, шалғайдағы жерді атаған. Алайда, Өскемен іргесінде осындай елді-мекен бар екені таяуда ғана белгілі болды. Тұрғындар қала әкімнің есептік кездесуінде осы мәселені төтесінен қойды.
Тамара Рахимжанова, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:
Адамдар жер учаскелірін алғанда, ешқандай коммуникация жоқ екенін білген. Бірақ бүгінде бізге тапсырма берілді. Электр энергиясы және ауыз сумен қамту үшін техникалық сараптама жасаймыз. Қанша қаражат керек екені есептеледі.
Үлбі кенті кезінде Өскемендегі металлургиялық кешен жұмысшылары үшін салынған. Үлкен елді мекен Өскеменге тиіп тұрса да, көшелерінде жарық жоқ. Жолы жыл сайын жыр болады.
Күлімхан Көлбаева, пошта таратушы:
Жеті жылда мен жолдың тазаланғынын көрген емеспін бұл көшеде. Әйтеуір қарда омбылап жүріп апарып тастайсың газетті. Көктемде, күзде лайда белуарадан басып, су болып, құлап, сүрініп үйге жетесің.
Қабаған иттер де - пошташының соры. Тұрғындар да осы мәселені жергілікті билікке талай айтыпты.
Берік Көшербай, тілші:
Ульбинск кентінде қоғамдық көлік мәселесі де шешілмеген. Автобусқа отыру үшін тұрғындар көрші ауылдың аумағында орналасқан аялдамаға келеді. Бұл жерге жету үшін кемінде 20-30 минут уақыт керек.
Атқарушы билік өкілдері елеусіз қалған елді мекендерді осыдан бірер күн бұрын аралап шықты. Арыз шағымдарды тыңдап, проблемаларды біртіндеп шешуге уәде етті.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.