Теріскейде мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің сапасы сын көтермейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің сапасы сын көтермейді

14.02.2019

Петропавлда мемлекеттік бағдарламамен несиеге үй алып, игілігін көре алмай отырған тұрғындар Ұлттық арнаға мұңын шақты. Үш жыл бойы ыстық су мен жылуға жарымай отырған петропавлдықтар мердігер мен жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырғанымен еш нәтиже жоқ.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

- Мемлекеттік бағдарламамен салынған бұл үй сыртынан қарағанда әдемі көрінеді. Сыртынан қарағанда ғана. Ал, ішінде тұрғындары бүрсең қағып, тоңып отыр. Олардың айтуынша, бұл үйде ыстық су мен жылуды кезек беретін көрінеді.

Бұл пәтердегі температура 15 градус қана. Қабырғалар ылғал тартып, көгеріп кеткен. Еден де сыз тартқан.

Жанайдардың бұл мәселені көтергеніне 3 жыл болды, бірақ сөзін құлаққа асып жатқан ешкім жоқ.

Жанайдар Молдабаев, үй тұрғыны:

- Үй суық. Күн жылығанда ғана үйдің іші жылиды. Балам да ауырып қалды. Айттым да, жаздым да, нәтиже жоқ, бір-біріне итере салады. Ай сайын ақшасын төлеп отырмыз ғой.

Үйді салған мердігер компанияның өз уәжі бар. Жергілікті құрылыс бөлімімен соттасып, жеңіп те шыққан. Бәрі талапқа сай екенін дәлелдеді. Ал, баспаналардың салқын болғанына олар жауапты емес көрінеді.

Сергей Безус, мердігер компания инженері:

- Бұл жерде біздің кінә жоқ. Үйді берген кезде жылу құбырының өткізу қуаты шамалы болған. Ал, пәтерлердің ішіндегі кемшіліктерді біз жөндедік. Сотта да дәлелдедік.

Бұл тек бір үйдегі ғана жағдай емес. Мемлекеттік бағдарлама арқылы алған баспананың көбіне жылу мен су тартылмаған болып шығады. Иелері кілтін алғанымен, кіре алмай, әуре-сарсаңға түседі. Бұл сұрақ қала әкімінің есептік кездесуінде де көтерілді.

Марат Тасмағанбетов, қала әкімі:

- Кінәлілер жазалануы тиіс. Екінші рет көтеріліп жатыр осындай мәселе. Осыған байланысты үйге тұрғындар қоныстанғанға дейінгі шығынды, электр қуатының ақшасын құрылыс компаниясы төлеуі тиіс. Болашақта бұл мәселені ұдайы назарда ұстау керек.

«Мәселенің төркіні құрылыс жүргізілгенімен, инженерлік коммуникациялардың кеш тартылуынан», - дейді мамандар. Яғни, әкімдік құрылыс алаңын беріп, мердігер үй тұрғызады. Қажетті жылу мен су, электр желісі соңғы болып тартылады. Осының салдарынан, көп жағдайларда үй иелері заңды пәтерлеріне кіре алмай жүреді.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу