Ақтөбеде өзен жағасындағы ағаштар оталып жатыр. Ал, тұрғындар жергілікті әкімдіктің бұл әрекетін түсіне алмай дал. «Жасыл желекті кескенше, жағалауда тұратын халықты неге қауіпсіз жерге көшірмейді?», - дейді олар. Себебі араларында 2017 жылы алапат су тасқынынан зардап шегіп, әлі күнге үй-жайын қалыпқа келтіре алмай жүргендер бар.
Көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстарға республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға өзендердің арнасы кеңейтіліп, ағаштарды кесу жұмыстары жүріп жатыр. Ал, жағалауда тұратын халық жергілікті биліктің бұл әрекетіне наразы.
Шынаргүл - екі жыл бұрынғы су тасқынынан зардап шеккендердің бірі. Аядай үйі суға кетіп, тұруға жарамсыз болып қалған. Алайда, әкімдік оны тегін жер алатындардың қатарынан сызып тастапты. Өз күшімен баспанасын бірнеше рет жөндегенмен, қабырғалары сыз тартып, қайта жарыла бастаған. Бұл жерде Шынаргүл секілді 18 отбасы бар.
Шынаргүл Ақбалиева, қала тұрғыны:
- Биыл жан-жақтан естіп жатырмыз, 6 миллиард теңге беріп жатыр дейді. Тал кескеннен еш пайда жоқ. 6 миллиардқа. Бір талды кескенше, бір адамға көмек беріңіздерші, бір отбасына.
Қазір Қарғалы өзенінің аумағында мамандар арнайы техникалармен өзен арнасын тазартып, талдарды отап жатыр. Тұрғындар қауіпсіздік шараларына қарсы емес. Алайда, жасыл желектің оңды-солды оталып жатқанына жаны ашиды.
Ал, әкімдік өкілдері «бұл жұмыстардың барлығын тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасап жатырмыз», деп жұбатып отыр.
Мамандар мұндай жұмыстар 8 өзеннің аумағында жүретінін айтады. Жоспар бойынша ұзындығы 180 шақырым болатын аумақты қамту көзделіп отыр.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.