Қазақтың құмай тазысын түгендеуде. Жамбыл облысында жеті қазынаның бірін ерікті азаматтар есепке алып, санақ жүргізе бастады. Аймақтағы алғыр тазылардың тізімі жасалғанмен, басым бөлігі төлқұжат алып, ресми тіркелмеген.
Қарасы азайып бара жатқан асыл тұқымды иттің төресін сақтап қалуға мемлекет мүдделі болуы керек.
Ергөбек Ниязбеков - ит жүгіртіп, аң аулауға құмар азаматтардың бірі. Саятшылық десе делебесі қозып, дала кезіп кететін ол тазыларымен қанжығасын талай майлаған. Жақында ғана жалаң қолмен түз тағысын тірідей ұстап келді. Артына ерткен төрт тазыны еліміздің әр өңірінен алдырған. Ұшқырлығы ұқсағанымен дене тұрқы әрқалай. Ал, елімізде тазы иттің бекітілген бір ғана стандарты бар. Қашқан аң құтылмайтын аңшы иттері бұл талаптарға сай келмей тұр.
Ергөбек Ниязбеков, Ақтоған ауылының тұрғыны:
- Тарихи деректерге қарасаң, бұрынғы атпал тазылар кәдімгі алғыр тазылардың өзі омыраулы, сирақты, жіліншікті, жақеттері бұлшықетті болып келген. Бізге қоятын талаптары жіңішке біздей түлкінің тұмсығындай болу керек. Аяқ қолы шидей жіңішке болса, бойы биік болмасын, 55-60-тан аспасын деген шектеулер қойып отыр. Ондай тазыларды ұстай берейік десек, олар ертең түлкіні де ала алмайды.
Еріктілер ауыл-ауылға ат шаптырып, тазы иттің санын өз шамаларынша есептеген. Олардың санауы бойынша таза қанды тазының саны Жамбыл облысында мыңнан асып жығылады. Ал, ел төңірегінде 6 мыңның үстінде. Ал, Жамбыл облысындағы жалғыз Құсбегі және тазы иттері федерациясының есебі бойынша өңірдегі нағыз тазылардың саны он шақты ғана.
Қазақ даласында тазы иттің екі тұқымы кең тараған. Жарғақ құлақ пен шашақ құлақ тазыларының өзі жер ерекшелігіне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Яғни, оларды бір стандартпен бағалау текті иттің қабілетін шектеп, асылдандыруға кедергі. Ал, тазы итті ұстау мен тұқымын көбейтуге арналған заңның жоқтығы құмайдың құнын түсіріп барады.
Елімізде соңғы 10 жылда төрт түлік түгел таңбаланды. Сиырлар сырға тағынып, тіпті тауықтардың тізімі жасалды. Алайда, ашаршылық кезінде бүкіл ауылды асыраған қазақтың құмай тазысына құжат алуға асықпайтындар ұлттық өнердің өрістеуіне тұсау болып тұр.
Сәбит ӘЛДЕБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.