Қазақстан Ливанға тағы да бітімгершілік күштерін жібермекші - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Ливанға тағы да бітімгершілік күштерін жібермекші

18.02.2019

Бұл - Таяу Шығысқа аттанатын сарбаздардың екінші легі. Қазір соғыс оты өршіп тұрған елде 120 қазақстандық жауынгер бітімгерлік миссиясын орындап жүр. Сонымен, Ливанға тағы қанша сарбаз барады? Олар жолға қашан шығады? Ол жақта қанша уақыт болады және барудағы мақсат не, міндеті қандай?

Бұлар - жуырда Таяу Шығысқа аттанатын қазақ сарбаздары. Қазір олар Алматы облысындағы «Іле» полигонында жаттығып жатыр. Даярлық кезінде ұрыс алаңында қолданылатын барлық амалдар бойынша сынақтан өтуде. Өйткені бітімгер әскердің негізгі міндеті - Ливанның аумақтық шекарасында бейбітшілік пен тыныштықты сақтау.

Жігер Мұратұлы, бітімгерлік полкі командирінің орынбасары:

- Ливан Республикасында біздің сарбаздар бақылау пунктінде жұмыс істейді және базаның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және патрульге шығады.

Көп жылдан бері тыншымай тұрған аймаққа әскер жіберудегі мақсат - қақтығыс ошағындағы бейбіт тұрғындарға көмектесу. Сондықтан сарбаздарды осы уақытқа дейін бітімгерлік миссиясында болған білікті офицерлер даярлап жатыр. Өткен аптада Қорғаныс министрі ротаның оқу-материалдық базасы мен әскери техникасын қарап шықты. Жауынгерлердің тыныс-тіршілігімен танысып, оларды Біріккен Ұлттар Ұйымының әскери теориясы мен ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

- Бұл - өте үлкен маңызды іс. Біз мұндай іс-әрекетті кеңейтейін деп отырмыз. Сіздер сол Ливанға барғаннан кейін заңдарды, нұсқауларды, ережелер мен қағидаларды қатаң сақтап, еліміздің елшісі, өкілі болатынын ешқашан естен шығармаңыздар.

Сарбаздар Ливан еліне сәуір айының соңында аттанады. Ал, қазір ол жақта 120 отандық сарбаз бітімгерлік миссиясын атқарып жатыр. Осы лек барған кезде олар елге қайтады. Ал, Қарулы күштеріміз Біріккен Ұлттар Ұымының талабын орындау үшін бітімгерлік даярлықтан өткен әскерилердің санын тағы да көбейтпекші.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу