Қостанайдағы саяжайды лас су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайдағы саяжайды лас су басты

18.02.2019

Тұрғындардың айтуынша, ағып жатқан кәріз суы көрінеді. Соның кесірінен жұрттың көкөніс өсіріп, күнкөрісіне жаратып отырған жер телімдері жарамсыз күйге түсіп жатыр. Мұндай жағдай былтыр да болған.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Сарғыш түсті лас су көз жетер жердің бәріне жайылған. Оның нақты қанша телімді басып қалғанын санап жатқан жан жоқ. Қазір аққан су қатпар-қатпар мұз боп қатып жатыр. Ал, көктемде қар еріген кезде бұл жерге бақша салмақ түгілі, жағымсыз иістен еркін тыныстаудың өзі мүмкін болмасы анық.

Моховтар отбасының осы жердегі саяжайға иелік еткендеріне 50 жылдан асыпты. Ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп бағбандықтың қыр-сырын жетік меңгерген олар жылда мол өнім алатын. Жарты ғасырдан бері жалғасып келе жатқан бұл кәсіптен былтырдан бері береке қашты.

Виолетта Мохова, қала тұрғыны:

- Көптеген көшеттеріміз шіріп кетті. Селекциялық жолмен сұрыптау жүргізген, ұзақжылдық еңбектің нәтижесі еді. Жағдай биыл тағы қайталанғасын экологтарға, су мамандарына хабарласып, дабыл қақтық. Бірақ қайда барсақ та, олар мұның бізге қатысы жоқ дегенді айтады.

Тұрғындар лас судың қайдан келіп жатқанын өз беттерінше де анықтап көрмек болған. Алайда, нәтиже жоқ. Қалың қар мен мұз құрсаудан арнайы құралсыз бірдеңе аңғару қиын.

Алмат Шерубаев, қала тұрғыны:

- Байқағанымыздай, судың деңгейі 1 метр 20 см-ге дейін жетеді. Арнайы өлшеп көрдік. Ол осынша қалыңдықта мұз боп қатады да, көпжылдық өсімдіктерді үсітіп, шірітіп жібереді. Топырақ құрамын да бұзады.

Кәріз құбырына жауапты мекеме мамандары лас судан сынама алып, сараптама жасаған. Бірақ кәріз суы анықталмапты.

Еркебулан Файзулаев, «Қостанай-Су» МКМ директоры:

- Бұл жерде, сөз жоқ, гидрогеологтарға жүгіну керек. Жерасты суының қозғалысын солар ғана нақты айта алады. Бұл ауданда жеке сектордың үйлері көп. Олардың бәрінде дерлік септик бар. Болжам бойынша, ағып жатқан сол септик суы болуы мүмкін.

Саяжай иелері судың сынамасын тәуелсіз сарапшыларға да тапсырыпты. Алдағы уақытта соның нәтижесіне сәйкес құзырлы орындарға шағымданбақ.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу