Қарағанды-Астана автожолында 10 көлік соқтығысып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды-Астана автожолында 10 көлік соқтығысып қалды

18.02.2019

Салдарынан 2 адам зардап шекті. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа ауа райының қолайсыздығы себеп. Жалпы, республиканың бірқатар аймақтарында күн күрт бұзылды. 3 өңірде ескерту жарияланды. Мектептерде сабақ тоқтатылды.

Қарағанды облысында барлық бағыттағы жол жабылды. Өңірде бұрқасын боран әрі көктайғақ. Тәртіп сақшылары жолға шыққандарды бекет маңынан кері қайтаруда. Жолдың бойында тұрған мына автобус Қарағандыдан Алматыға бағыт алыпты. 25 жолаушысы бар. Халықаралық рейстер түгел шектелді. Ал арғы беттен қалаға шыққандар діттеген жерлеріне сағаттап жүріп, зорға жетуде.

Орынбасар Жүнісов, жүргізуші:

- Қарағандыдан Алматыға бара жатырмыз. Жағдай осы. Бірдеңе деп айта алмайсың, бұлардікі де дұрыс шығар. Сақтық үшін шығар. Амал жоқ, күтеміз енді.

Астанада да ақпанның ақтүтек бораны. Екінші ауысымдағы оқушылар үшін сабақ тоқтатылды.

Аягөз Фазылова, Астана қалалық ТЖД ресми өкілі:

- Төтенше жағдайлар қызметі департаменті штаттық түрде жұмыс істеп жатырмыз. Астана қаласынан шығатын бағыттарда, Астана-Қарағанды және Астана-Павлодар тасжолы жабылды, ақпараттар таратылды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындарға ескертеміз, мүмкіндігінше алыс жолға шықпауларыңызды сұраймыз.

Ал, «Қазгидромет» мамандары мұндай ауа райы алдағы күндері де жалғасады деп отыр. Кей өңірлерде жаңбыр жаууы мүмкін.

Дәл қазір Астанада сынап бағанасы -6. Есесіне желдің екпіні күшті. Секундына 22 метрге дейін жетуде. Ақтүтек боран жұртты әбігерге салуда. Барлық бағытқа жолдар жабылды. Жалпы, алдағы 3 күнде қар жауып, бұрқасын соғады. Кей жерлерде тұманды көктайғақ күтілуде. Сол себептен, мамандар тұрғындарды аса сақ болуға шақырып отыр. 

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу