Қызылорда облысында салынып жатқан жаңа көпірдің құрылысы сыр берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында салынып жатқан жаңа көпірдің құрылысы сыр берді

21.02.2019

Бетон тіреуіштер отырып, көпір бастапқы қалпынан жылжып кеткен. Мамандар олқылықты жойып, көпірді мерзімінде тапсыруға бекініп отыр. Алайда, дарияның арғы бетіндегі ауыл халқы құрылыс аяқсыз қала ма деп алаңдайды.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Өзеннің арғы бетінде 10 шақты ауыл бар. Онда 20 мыңнан астам халық тұрады. Тұрғындар аудан орталығына мынау өткел арқылы қатынайды. Ал, қалқымалы көпірдің қандай жағдайда екенін көріп тұрсыздар. Әбден ескірген.

Көпірдің құрылысы 2017 жылы басталды. Дарияның арғы бетіндегі Қазалы мен Арал ауданына қарасты бірнеше ауыл халқы үшін бұл орталыққа қатынайтын төте жол. Жылдар бойы жол азабын тартқан тұрғындар құрылыс басталғанда ерекше қуанды.

Тұрғындар айналма жолмен әлі де біраз жүретін сыңайлы. Себебі биыл бітеді деген көпірдің құрылысы аяқасты сыр берді.

Ержан Әбдіхалықов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Судың көп болып, мұздың жоғары деңгейде қатуына байланысты тіреуіштері отырған. Қазіргі таңда оны бұзып, қайтадан бетон тіреуіш дайындап жатыр. Жобаны жасаған кезде барлығы зерттелген.

Қазалы ауданында да осындай үш аумақ бар. Өзен үстінен жұрт пантонмен өтеді. Ескірген өткелмен жүру аса қауіпті. «Сондықтан жаңа көпірдің құрылысы аяқсыз қалмаса екен»,- дейді жұрт.

Ұлия Жұбаныш, Қазалы ауданының тұрғыны:

- Былтыр көпір салынып жатыр еді, оны тағы да бұзып алып тастап, қарап, қаржы бөлініп, қайта салмақшы.

Нысанның жалпы сметалық құны - 2 млрд 791 миллион теңге. Мамандар «қосымша қаржы сұрамай-ақ нысанды мерзімінде салып бітіреміз»,- дейді. Сондықтан құрылысшылар екі ауысыммен күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеуде.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу