Жамбыл облысында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін 30 млрд теңге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін 30 млрд теңге бөлінді

22.02.2019

Жамбыл облысында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды әлеуметтік жағынан қолдау үшін бюджеттен 30 миллиард теңге бөлінді. Бұдан былай жағдайы төмен жанұялардың балаларына мектепте ыстық тамақ беріледі. Жергілікті билік олар үшін оқушы формасын да сатып әпермек. Бұл жөнінде аймақ басшысы халық алдындағы есеп беру жиынында айтты.

Биылдан бастап 7500 отбасының коммуналдық төлемдеріне жеңілдік жасау үшін бюджеттен 500 миллион теңге бөлінеді. Сондай-ақ, көпбалалы жанұяларда тәрбиеленіп жатқан 6200 оқушы мемлекет есебінен колледждерде тегін оқиды. Ал, олардың тамақтануы мен шәкіртақысына 1,7 миллиард теңге бөлінбек. Облыстағы жағдайы төмен көпбалалы отбасылардың 70 пайызы ауылды жерлерде тұрады. «Сондықтан оларға демеушілердің есебінен қайтарымсыз мал үлестіріледі»,-дейді өңір басшысы.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі:

- Көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған отбасылар үшін 10 жатақхана салынады. Оның үшеуі Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында бой көтереді. Бұл қалаларда 400-ге жуық отбасы баспана кезегінде тұр.

Әкіммен кездескен жұрт көкейде жүрген сауалдарын қойды. Сондай-ақ, шалғай ауылдардан 3000-нан астам тұрғын тікелей бейнебайланыс арқылы қосылып, мұң-мұқтажын жеткізді. Жол, ауыз су, баспана, сапалы медициналық көмек – ауыл халқын осы мәселелер мазалайды.

Жамбыл облысындағы 377 елді мекеннің 48 пайызы, яғни 181-і көгілдір отынмен қамтылған. 81 ауылға магистральды газ құбырын тарту үшін 6,1 млрд теңге бөлінді. Экономиканың негізігі күші - өндірісте де өсім бар. Өнеркәсіп өнімі 102 пайызға артық орындалған. Бюджет қаржысы толығымен игеріліп, агросалада да алға жылжу бар. Егістік алқабы 38 мың гектарға ұлғайып, 55 жаңа кооператив құрылды.

 Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу