Кедендік одақтың құрылуы Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлерінің байланысын арттырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кедендік одақтың құрылуы Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлерінің байланысын арттырды

18.06.2014
Кедендік одақтың құрылуы Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлерінің байланысын арттырды
Қазақстан мен Ресей - бұрыннан стратегиялық әріптес. Ал, Кедендік одақтың құрылуы екі ел кәсіпкерлерінің өзара тығыз қарым-қатынас жасауына мүмкіндік берді.
 
Осының арқасында қазақстандық тауарлар Ресейде, ресейліктер  Қазақстан нарығына емін-еркін шықты. Солардың бірі - «Курганстальмост» зауыты.
 
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аймақтарының бірі - Қорған облысы. Сондықтан, бұл өңірдің кәсіпорындары Қазақстанмен тығыз қарым-қатынаста. Ал, Кедендік одақ құрылғаннан бері бұл әріптестік одан сайын кеңи түсті.
 
Бұл - Қорған қаласындағы ең ірі зауыттардың бірі. Қазір мұнда 2300 адам еңбек етеді. Осыдан 35 жыл бұрын құрылған кәсіпорын бүгінде 15000 көпір тұрғызып үлгеріпті.
 
Елорда мен Алматы қаласындағы құрылыс жұмыстарына да белсене қатысқан. Астанадағы Бөгенбай батыр көшесіндегі автокөпір де - осы зауыттың жобасы.
 
Владимир Копырин «Курганстальмост» зауытының техникалық директоры: 
Соңғы үлкен жобаларымыз бұл Астана қаласындағы көпір, Жайық өзені арқылы Атырауға өтетін көпірді тұрғыздық. Қазір де жұмыс істеп жатырмыз. Жуырда ғана Іле өзенінен өтетін көпірдің құрылысына тапсырыс алып, жобасын әзірлеудеміз.
 
Кәсіпорын тек ірі қалаларда ғана емес, еліміздегі бірнеше өңірдегі нысандардың құрылысына қатысқан. Соның ішінде Петропавлдағы теміржол өткелінің де құрылысын жүргізген. Мұның барлығы да екі елдің арасындағы әріптестік қарым-қатынастың арқасы.
 
Евгений Сочнев, РФ Қорған сауда-өнеркәсіп палатасының президенті: 
Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты мыңжылдықпен есептеуге болады. Сондықтан, екі мемлекет арасындағы байланыс өте жоғары, деп айтуға болады. Сондықтан, жаңа деңгейдегі байланыстың болашағы өте зор, деп ойлаймын. Әрине, әлеуметтік саладағы байланыс үзілген емес, ал, экономикалық қатынасымыз жаңа белеске көтеріліп келеді. Біздің кәсіпорындардың сіздердің өнімдеріңізге, сіздердегі зауыттардың біздің тауарларға сұранысы артты. Ал, жаңа одақ әкімшілік кедергілерді жойып, шекарадан өту процессін едәуір жеңілдетті.
 
Қазір Қорған облысында шағын кәсіпкерлерді айтпаған күннің өзінде 10 шақты ірі кәсіпорын Қазақстанмен тығыз қарым-қатынаста.
 
Кеңес одағы кезіндегі байланыс әлі күнге дейін үзілген жоқ. Бұл ретте, екі елдің зауыттарының өзара әріптестігін дамытуға Кедендік одақтың қосқан үлесі зор екендігін атап өткен жөн.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу