Үйлерге газ өткізу қымбат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үйлерге газ өткізу қымбат

28.02.2019

Қостанай облысында 2018 жылы 2 ірі елді мекенге табиғи газ тартылды. Алайда, газ құбыры жеткізілгенмен тұрғындардың бәрі бірдей оның игілігін көре алмай отыр. Себебі көше бойымен келіп тұрған көгілдір отынды әркім үйіне өз қаржысына кіргізуі тиіс. Ал, оның құны өте қымбат.

Любовь Кузьменко Әулиекөл ауданындағы Аманқарағай ауылының тұрғыны. Былтыр желтоқсан айында елді мекенге газ құбыры тартылғанда алғашқылардың бірі болып қажетті қондырғыларды орнатты. Енді игілігін көріп отыр. Алайда, бұл қуаныш зейнеткерге арзанға түскен жоқ. 536 мың теңге жұмсапты.

Любовь Кузьменко, Аманқарағай ауылының тұрғыны:

- Көп адамдар қосқысы келді, бірақ қаржылары болмағандықтан, қоса алмады. Сондықтан бағаны аздап түсірсе, мүмкін арзан пайызбен несиелеу жағын қарастырса, көпшілікке жақсы болар еді.

Көшенің қарсы бетіндегі тағы бір зейнеткер Таисия Альт әлі көмір жағып, күл шығарып жүр. Ол үшін іргедегі құбырдан көгілдір отынды үйге кіргізу арманға айналды.

Таисия Альт, Аманқарағай ауылының тұрғыны:

- Өздеріңіз де білесіздер, зейнетақы мардымсыз. Қажетті соманы бір жыл ішінде жинау мүмкін емес. Бізге арнайы жеңілдіктер жасалса немесе бірнеше жылға бөліп төлеуге мүмкіндік тудырса деген өтінішіміз бар.

Аманқарағай ауылында 2 мыңнан астам түтін бар. Әзірге соның 42-сі ғана газ тұтынып отыр. Тағы 300-ге жуығы құжаттарын рәсімдеу үстінде. Ал, бағаның қымбаттығы көпшіліктің қолын байлап тұр. Бұл мәселе облыс деңгейінде көтеріліп, қазір шенеуіктер жағдайды реттеуге тырысып жатыр.

Мейрамхан Бейсенов, Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары:

- Барлық мердігерлермен кездесу болады. Осында шақырамыз. Бағаларын қарап, қадағалап, қайсысы тиімді екенін бағалаймыз. Қаржы мекемелерімен де сөйлесіп, арзан несиелеу жағын қарастырамыз.

Жалпы, Қостанай облысында соңғы 3 жылда 8 елді мекенге табиғи газ тартылған. Бұл жұмыс 2015 жылғы газ таратушы кәсіпорын мен облыс әкімдігі арасындағы меморандум аясында жүзеге асып отыр. Соның арқасында аймақтағы табиғи газды тұтынуға мүмкіндігі бар тұрғындардың үлесі 62 пайызға жетті. Елді мекендерді көгілдір отынмен қамту алдағы жылы да жалғасады.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу