Маңғыстау облысында мүгедек балалар жергілікті бюджет есебінен республикалық оңалту орталықтарына барып, ем алатын болды. Бұл үшін қазынадан 36 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, Ақтауда 500-ден астам мүгедек баланы сауықтыру үшін 144 млн жұмсалады. Көз жанарынан айрылған, сондай-ақ, арбаға таңылған ересектерге де арнайы қондырғылармен жабдықталған 20 қоғамдық көлік іске қосылады.
13 жастағы Саят туа бітті сал ауруына шалдыққан. Өздігінен жүріп-тұра алмайды. Арбаға танылған баланы ары-бері тасу да азап. Тегін такси іске қосылғалы анасы Тұраштың сол бейнеті азайды.
Тұраш Атшыбаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
- 3 ай сайын қолданып отырамын. Басқа машинаға отыра алмаймыз. Такси қызметі өте ыңғайлы.
Елбасы мүгедек бала бағып отырғандарға берілетін жәрдемақы мөлшерін 30 пайызға көбейтуді тапсырды. Мұны естіген Тұраш Атшыбаева қатты қуанды. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен республикалық оңалту орталығына тегін барып-қайтатынын білді.
Ляззат Есенғалиева, Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Оңалту емін осы жерде аурухана, емханаларда жалғастыру қарастырылған. Мүгедек балалар жылына 2-3 рет оңалту емін қабылдау керек.
Жалпы, өңірде 5 мыңнан астам мүгедек бала бар. Ал, мүмкіндігі шектеулі ересектердің саны - 25 мың. Оларды әлеуметтік қолдау үшін жылда қаржы бөлінеді. Соның өзінде қажетті құрал-жабдықпен 47 пайызға қамтылған.
Жайсаңгүл Досболава, Маңғыстау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
- Жалпы, қажеттілік 1 млрд 48 мың теңге қажет етіледі. 700 мыңның үстінде бізге қосымша қаражат қажет. Бұл жөнінде бюджеттік жоспарлау басқармасына хаттар жолданды. Келесі бюджетті жоспарлау кезінде бөлінеді деп үміттенеміз.
Айта кетейік, «Nur Otan» партиясының бастамасымен өңірде мүгедек жандардың кез келген әлеуметтік нысанға кедергісіз, емін-еркін кіріп-шығуын қамтамасыз етудің жол картасы әзірленіп жатыр.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ