Жаңаөзен жастары қала көшелерін тазалауға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзен жастары қала көшелерін тазалауға шықты

01.03.2019

Осылайша олар күн ұзағына күнге қақталып, тынбай еңбек ететін жандарға алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, ерікті жастар бір аптадан бері «Мейірімді жүрек» акциясын ұйымдастырып, қайырымды жандарды жұмылдырып, 300-ден астам аз қамтылған отбасына көмек көрсетті.

Жаңаөзенде 200-ге жуық белсенді жас бар. Олар ерікті түрде жағдайсыз отбасыларға қол ұшын беріп, қамқорлап жүреді. Бүгін жастар көше сыпыратын жұмысшылардың орнына шығып, қаланы тазалады.

Нұрсерік Жолдыбаев, ерікті:

- Күннің суығы, ыстығына қарамай, қаланы тазалайтын апаларға көмектесіп, алғыс айтуға келдік.

Жастар ресурстық орталығында шоғырланған қыз-жігіттер Алғыс айту күніне орай «Мейірімді жүрек» қайырымдылық акциясын өткізіп жатыр. Әкімдіктен аз қамтылған отбасылардың тізімін алып, үй үйді аралап, оларға негізгі қажетті азық-түліктерді таратты.

Ғани Құрманғалиев, Жаңаөзен қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры:

- Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілді.

Алғыс айту күнінде қала тұрғындарының көңілдері көтеріңкі. Біраз уақыт жұмыссыз жүрген Шәрипа Құлжабаева жуырда жұмысқа орналасқанын айтады. Мүгедек баласы бар ана жәрдемақының өскенін естіп, тағы қуанды.

Жаңаөзен қаласында табиғи өсім жоғары. Жыл сайын төрт мың адамға көбейеді. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында жаңадан үш мектеп пен жеті балабақшаның құрылысы іске қосылған.

Қаладағы 62 мың тұрғын экономикалық белсенді топқа жатады. Ал, оның 35 пайызы шағын және орта кәсіппен айналысады. Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызу үшін қалада индустриялық парк әзірленді.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу