Құдықтарға тор орнатылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құдықтарға тор орнатылып жатыр

01.03.2019

Елордадағы құдықтардың қақпақтарына қосымша темір торлар орнатылып жатыр. «Астана Су Арнасы» осындай бастаманы қолға алған. Беткі қақпағы сынып немесе ұрланса, одан сәл төмен орналасқан екінші қабаты ішіне адамдардың құлауына жол бермейді. Қолдан жасалған тор қанша салмақты көтереді? Қай жерлерге орнатылып жатыр?

Темір торды қызметкерлер өздері дайындайды. Олар оның сапасына ерекше мән беріп отыр.

Владимир Власенко, Астана қаласы Алматы ауданы кәріздендіру қызметінің басшысы:

- Тор 4 жерден бекітіледі. Қажет болған жағдайда оны шешіп, құдықтың ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізе аламыз. Сапасы өте жақсы. Ұзақ уақытқа дейін шірімей сақталады.

Қазір құдықтар қардың астында үлкен тереңдікте жатыр. Қызметкерлер оны табу үшін осындай арнайы құрылғымен қардың бетінен жүргізіп отырады.

Қосымша қақпақтар әзірге қаланың сыртқы аудандарына орнатылып жатыр. Коммуналдық мекеме өздеріне тиесілі құдықтарды толықтай қауіпсіз жағдайға жеткізуді көздеп отыр.

Қуаныш Сұлтанбаев, Астана қаласы кәріздендіру қызметінің басшысы:

- Соңғы 1 жылдың ішінде 1380 құдықтың қақпағы ұрланған. Астана қаласы бойынша 34500 кәріздендіру құдығы бар.

Бұл тәсілді өзге коммуналдық мекемелер де пайдаланбақ. Осылайша биыл елордадағы 60 мың құдық толық қосымша қақпақпен жабылады.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу