Бір қол, бір аяқсыз әлемді жүзу спортымен бағындырған бірегей чемпион. Бұл атыраулық Ержан Сәлімгереевтің жетістікке толы өмір жолы. Тағдырдың кермек дәмін ерте татқан жалынды жас өзінің қатарластарынан оқ бойы алда келеді. Жігерлі азаматтың еселі еңбегі еленіп, «Қазақстанның 100 жаңа» есіміне де енді.
Ержанның өмірі 9 жасында күрт өзгерген. Достарымен асыр сап ойнап жүріп, абайсызда тоққа түседі. Сөйтіп, 3000 мың волттық қуат оны қолымен аяғынан айырады. Қасқағым сәтте мүгедек атанған ол өзінің қайсарлығының арқасында қиындыққа берілмей, биік шыңдарды бағындырды.
Ержан Сәлімгереев, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
- Мен өзімді бір жерім кем деп санамаймын. Мүлде ол туралы ойламаймын да. Менің басты мақсатым - алдыма қойған армандарымды жүзеге асыру, мақсаттарыма жету. Адамның сырт бейнесі мүмкіндігі шектеулі болғанымен, ең маңызды нәрсе ол ішкі жан дүниесі.
Ержанның жүзу спортымен шұғылданғанына 5 жылдан астам уақыт болды. Осы аралықта ол 9 рет Қазақстан чемпионы атынып, 4 рет Әлем кубогын иеленді. Сондай-ақ, Атыраудың спорт тарихында алғаш рет 2 алтын медальды пара Азия ойындарында қанжығаға салды.
Ержан Сәлімгереев, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
- Әртүрлі паралимпиадалардың жарыстарын қарап, өзімнің техникамды іздендім. Техникаммен қазір мен үлкен додаларға жеңіске жетіп жүрмін.
Саңлақ спортшы күнделікті 2 сағатын жаттығуға арнайды.Осы уақытта ол 45 секунд тынығып, 3 км-ге жүзеді. Рухты жанның бұл табандылығын бапкерлері де жоғары бағалайды.
Нұрлан Жұмағазиев, жоғары санатты бапкер:
- Дені сау адамдар шынтақтарын бүгіп қимылдайды. Ержанның техникасындағы ерекшелігі, қолын жоғары темппен айналдырып, түзу ұстайды. Шаршап қалдым, қолым, аяғым ауырып тұр дегендері жоқ. Айтқан тапсырманы өз дәрежесінде орындайды.
Ержан үшін байрақты бәсекелердің маңызы зор. Бүгінде ол Италия, Германия, Малайзия, Жапония елдерінде өтетін додоға қызу дайындық үстінде. Жеңімпаз өз білгенін басқаларға да үйреткісі келеді. Сондықтан, туған ауылында спорт кешін ашып, чемпиондар дайындамақ. Ол үшін жергілікті биліктен қолдау күтеді.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ