Австрияда допингпен ұсталған Алексей Полтаранин әлі күнге Қазақстанның ресми органдарымен байланысқа шықпаған. Бұған дейін Әлем чемпионаты кезінде рұқсат етілмеген дәріні ішкенін мойындап, полицияның қамауынан босап шыққаны мәлім. Сонымен Полтаранин неге үнсіз жатыр? Қазір ол қайда жүр? Оның дайындығына мемлекет есебінен қанша қаражат жұмсалды?
Шығыс Қазақстаннан шыққан шаңғышы Алексей Полторанин осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері үшін талай мадақ пен мәртебеге ие болған еді. Мәселен, мынау 2013 жылдың қыркүйегі. Әлемдік додадан үшінші орын әкелген бетте Ішкі істер министрлігі аға-лейтенант шенін беріп жатыр. Сол уақытта Алексей өзіне жасалып жатқан қаржылық әрі материалдық қолдаудың бастамасын айтып берген болатын.
Алексей Полторанин, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері:
- Ванкуверде сәтті өнер көрсеткен соң Шығыс қазақстанның әкімі маған пәтер сыйлады. Одан кейінгі маусымда Риддер қаласының әкімі 4 бөлмелі пәтер берді. Ал, оқу-жаттығу жұмыстарына қаржы бөлуден ешқандай проблема жоқ. Осы үшін де мемлекетке көп рахмет айтуға болады.
Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарында алтын медаль аламын деп сан мәрте сендіріп келген шаңғышыға мемлекет қажетті қаражатты аямаған. Басына баспана, лайықты жалақы мен сайыс сайын сыйақы. Мұндай қолдауды аты аңызға айналған Олимпиада чемпионы Владимир Смирновтың өзі көрмеген көрінеді. Осы күні оның Полторанинге деген өкпесі қара қазандай. Швецияның ақпарат құралына берген сұқбатынан мынандай үзінді ұсынамыз.
Владимир Смирнов, Олимпиада чемпионы:
- Соңғы жылдары әлемде допинг дауы өршіп кеткені баршаға мәлім. Сәйкесінше, бақылау мен жаза да күшейтілді. Полтаранин осының бәрін біле тұра қателік жасады. Қазір допингті қолдану тұрмақ ойлауға да болмайды. Мен мұны кешірілмейтін қателік деп есептеймін. Сөз жоқ, Алексей еліміздің абыройына айтарлықтай нұқсан келтірді.
Естеріңізге салайық, Австрияның Зеефельд қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионаты кезінде нақтырақ айтсақ, ақпанның 27 күні жерлесіміз Алексей Полторанинді жергілікті полиция қамап тастады. Араға бірер күн салып, Алексей қан допингін қолданғанын мойындап бостандыққа шықты. Ал, ол елге оралған жағдайда ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Себебі, қолданыстағы заң солай сөйлейді. Мұны Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің өзі мойындап отыр. Дегенмен, Парламентте допинг қолданған спортшыларды әкімшілік жазаға тартатын заң жобасы қаралып жатқанын мәлімдеді.
Серік Сәпиев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:
- Жаңа заң жобасы спортшының ғана емес, бапкері және спорттық ұйым басшылары да жауапқа тартылуын көздейді. Әзірге мемлекет тарапынан ешқандай жаза қарастырылмаған. Тек халықаралық ұйымдар жаза тартады. Мәселен, Австрия заңы бойынша допинг тұтынған спортшыға қылмыстық іс қозғап қудалайды. Міне, осылайша күтпеген жерден Полторанинді қолға түсірді. Алдағы уақытта бұл мәселе бойынша арнайы баспасөз мәслихатын өткіземіз. Оған Алексейдің өзі де қатысуы мүмкін.
Серік Сәпиев айтқан спорт туралы заңда рұқсат етілмеген дәрі ішіп ұсталған спортшыларға мынандай жазалар көзделген. Атап айтқанда, алған сыйақысын қайтаруға міндеттеліп, өмір бойғы берілетін материалдық көмек пен жалақысы тоқтатылады.Оған қоса, әдетте әкімдер қос-қостан беретін пәтерлер қайтарылады, спорттық атағынан айырылады.
Ербол Мәндібек, тілші:
- Айыбын мойындаған Полторанинді Австрия полициясы қамаудан босатып жіберіпті. Бір қызығы, қазір оның қайда жүргенін ешкім білмейді. Тіпті бұл туралы әзірге Ұлттық олимпиада комитеті мен «Шаңғы жарысының ұлттық федерациясы» ауыз ашпай отыр. Екі мекеменің екеуіне де хабарласып ауызша қысқа жауап алдық. Ақпарат жоқ және қайда жүргенін білмейміз дейді. Дегенмен, әртүрлі ақпарат көздері оның Австриядан Мәскеуге аттанғанын жазып жатыр. Әзірге, әліптің артын бағудан басқа амал жоқ.
Ербол МӘНДІБЕК