Жаңаөзенде жұмыспен қамту жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде жұмыспен қамту жәрмеңкесі өтті

05.03.2019

Осылайша 200-ге жуық адам жұмысқа орналасты. Олардың көбі коммуналдық мекемеде жұмыс істейтін болады. Кейбірі құрылыс компанияларына қабылданған. Бұл жолғы жәрмеңкеге 23 жұмыс беруші қатысты.

Екі қолға бір күрек таппай, жарты жылдан бері сенделіп жүрген Бекмұрат Ешниязовтың бүгін жолы болды. Ірі құрылыс компаниясынан ұсыныс алды.

Бекмұрат Ешниязов, қала тұрғыны:

- Ваxталық жұмысқа барасын деп шешті. Жасап көремін. 7 айдан бері жұмыссыз жүрмін.

Жаңаөзенде жұмыссыздар кезегінде 1800 адам бар еді. Бүгінгі жәрмеңкеде оның 187-сі тұрақты жұмыс тапты. Маманға сұраныс салған мекемелердің дені Ақтаудан келді. Сондықтан облыс орталығына барамын деушілерге жатақхана да қарастырылған.

Шалқар Мәтжанов, жұмыс беруші:

- Қазіргі таңда жастардың жұмыссыздық сұранысына байланысты 22 адамның тізімін алдық. 22 адамның ішінен сұрыптап 10 адамды алуға келіп отырмыз. Учаске бастығымен ақылдасып, таңдап аламыз.

Мира Битимова, жұмыс беруші:

- 30 адам xабарласты. 11-ін нақты қабылдаймыз.

Жәрмеңкенің нәтижесінде мамандығы сұранысқа сай келген тұрғындар қажетті құжаттарын әзірлеуге кірісті. Ал, жұмыс табылмаған кейбір азаматтар біліктілік курстарына жолдама алды. Сондай-ақ, бизнеске бет бұрамын деушілерге мамандар мемлекеттік бағдарламаларды егжей-тегжейлі түсіндірді.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу