Австриядағы допинг дауынан кейін ізім-ғайым жоғалып кеткен Алексей Полторанин байланысқа шықты. Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев оған қоңырау шалып, мән-жайды сұрастырған. Бүгін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет отырысынан кейін журналистерге осылай деп мәлімдеді. Құзырлы ведомство ертең Полтораниннің мәселесі бойынша арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, болған жайтты түгелдей баяндап бермек.
Естеріңізге салайық, ақпанның 27-сі күні отандық шаңғышы Алексей Полторанин Австриядағы Әлем чемпионаты кезінде допинг қолданды деген күдікпен ұсталған болатын. Кейін ол өзінің кінәсін мойындап, қамаудан босап шыққан еді. Өз кезегінде министр Арыстанбек Мұхамедиұлы елімізде допинг қолданатын спортшыларға қарсы жазаның күшейтіліп жатқанын жеткізді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Біз қазір сол үшін арнайы заң қабылдап жатырмыз. Заңға міндетті түрде өзгеріс енгіземіз. Қазір ол заң Парламентте. Бірінші оқылым өтіп жатыр.
Ербол МӘНДІБЕК