Сотталушылар абзал аналары мен асыл жарына сый-құрмет көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сотталушылар абзал аналары мен асыл жарына сый-құрмет көрсетті

05.03.2019

Қызылордадағы ЗК 169/5 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер аналары мен сүйікті жарларына мерекелік сый жасады. Бірі әуелете ән шырқаса, енді бірі өзі жасаған қолөнер бұйымын сыйға тартты. Темір тордың ар жағында көктемнің лебі сезілді. Анасымен қауышқан бала, жарымен жарасқан жігіт, жүректі тебірентер көріністер, ең бастысы, барлығы мәз-мейрам.

Бұл күнге жазасын өтеушілер ерекше дайындалды. Бірі анасын күтті, бірі жарымен қауышты. Ең жақын жандарымен жүздесіп, мәре-сәре болды. Қанат отбасындағы жалғыз ұл. Жастықтың буымен шалыс басты, жазаланды. Темір торға қамалды. Жылдар өтіп жатыр. Қанаттың өзі де өзгерді. Өмірге деген көзқарасы да өзгерді. Өзгермеген бір-ақ нәрсе - оның анасына деген махаббаты. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында, одан кейін аяулы алақанында мәпелеген анасына деген сезімі жыл өткен сайын салмақтана түсті.

Қанат Камалов, жазасын өтеуші:

 - Аналарымызға гүл таңдап, алып келіп, оларға жылы сөздер айтып, дастархан жайып, мерекемен құттықтадық.

Айнаш Мұқанова, Қанаттың анасы:

- Жалғыз балам, сағынамын. Не істеймін енді?.. Ішім жанады, күйеді. Одан басқа амалым жоқ. Әйтеуір, осы жерден шықса екен деймін.

Ал, Азаматтың бүгін кездесуге жары келді. Кішкентай ұлы да әкесінің мауқын басты. Дәл қазір олардан асқан бақытты жан жоқ. Сағынысып, табысқан жастар бір-біріне жылы сөздерін айтып тауыса алмай жатыр.

Азамат Әміров, жазасын өтеуші:

- Анам келе алмағаннан кейін әйелім келді. Соған ішкі дүниемді білдірейін деп, ешқашан оған өшпейтін сезімімді білдірейін деп сыйлық сыйлаған жайым бар. Анаға деген бір бөлек сезім болады, жарыңа деген бір бөлек сезім болады, апа-қарындасқа бір бөлек. Ондай сезім ешқашан өшпейді.

Бүгін ән де айтылды, күй де тартылды. Мерекелік көңілкүй көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Тағдырдың тауқыметін бір сәтке ұмытып, керемет таңғажайыптың тереңіне бойлады.

Жалғас Есмаханов, облыс бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бас маманы:

- Өзін жақсы жағынан көрсеткен, еңбекке, оқуға, өмірге көзқарасы түзелген сотталған азаматтарға мүмкіндік жасалып жатыр.

ЗК 169/5 түзеу мекемесінде қазір 600-ден астам жазасын өтеуші бар. Оның 70 пайызы еңбекпен қамтылған. Бүгінгі сыйланған бұйымдарға тар қапаста отырған әр азаматтың қолының табы қалған, маңдай тері сіңген. Сыйлық сонысымен құнды, сондықтан ерекше.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу