Австриядағы Әлем чемпионаты кезінде допинг дауына ұшырап жарыстан шеттетілген отандық шаңғышы Алексей Полтораниннің бапкері Қазақстан халқынан кешірім сұрады. Алексей Наконечный өз сөзінде: Допингке қарсы ережені бұзған шәкіртім үшін еліміздің барлық халқының, ата-анасының, басшылықтың алдында басымды иемін деген. Сонымен қатар, Алексейдің допинг қолданбағанын, тек ниеттенгенін алға тартты. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Михаил Дудченко қазір әлемдік спортта әділдік жоқ деп отыр. Оның айтуынша, жаһандық додада аламанға шығатын шаңғышылардың басым көбі допинг тұтынады. Мұның барлығы спорттағы мүдде мен жасырын саясаттың соқпағы деп санайды.
Михаил Дудченко, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері:
- WADA растаған терапиялық шешімдердің барлығы заңдастырылған допинг. Олармен күресу өте күрделі. Әсіресе, норвегиялықтарға барлығы рұқсат етілген. Бізге еш нәрсе қолдануға болмайды. Жаһандық жарыстарды ылғи жеңіп жүргендердің жартысы «біз ауырамыз» деген желеумен заңдастырылған дәрілерді ішіп жүр. Ең қызығы, біздің спортшылардың денсаулығы жақсы. Ал норвегиялық спортшылар неге шеттерінен науқас? Өзекті өртейтін жағдайдың бірі осы.
Ербол МӘНДІБЕК