Мемлекеттік мекемелердің кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындарға қарызы көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік мекемелердің кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындарға қарызы көп

11.03.2019

Әсіресе, коммуналдық қызметке. Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 8 іс тіркелген. Оның бесеуі орындалса, қалғаны өзгеріссіз. Жалпы мемлекеттік органдар қарызын неліктен уақтылы төлемейді? Оларға екі ай уақыт та берілген. Ал, кәсіпкерлердің берешегі анықталса, бірден есепшотын бұғаттап тастайды.

Былтыр мемлекеттік мекемелердің бизнес өкілдеріне қарызы бойынша 44 дерек тіркелген. Оның 39-ында берешек өндірілген. Ал, биылғы екі айда сот орындаушыларына 8 өндірістік құжат түсті.

Айсұлу Тұқашева, облыстық Әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы:

- Мысалы, Жаңақала ауданы әкімдігінің «Коммунал» мемлекеттік кәсіпорны «Интергаз Орталық Азия» АҚ-на 12 млн-ға жуық теңге берешек. Ал, Подстепное ауылдық округінің «Луч» жеке кәсіпкерлігіне қарызы 700 мың теңгеден асады. Басты мәселе – мемлекеттік мекемелерде қарызды өтейтін қаражаттың жоқтығы.

Қарыз бойынша істің сотқа да жеткендері бар. Мысалы, Бәйтерек аудандық ауруханасының электр қуатына 1,5 млн теңге берешегі анықталды. Сот шешімінен кейін бір жылғы қарыз әрең өтелді.

Шолпан Мұқашева, «Батыс энергоресурсы» ЖШС-ның заңгер-кеңесшісі:

- Бәйтерек ауданының орталық ауруханасының қарызы бойынша мәселе 2018 жылы көтерілді. Сотқа жүгінуге мәжбүр болдық қарыз болғасын. Былтыр шешім шығып, биыл күшіне еніп, қазіргі таңда толық орындалды. Қарызы 1 млн 520 мың 662 теңгені құрады.

Бұл ғана емес, облыстық клиникалық аурухананың газға қарызы да белгіленген екі ай мерзімнен асыра өтелген. Ал, кәсіпкерлерге ондай жеңілдік жасалмайды. Жарыққа не жылуға берешегі болса, бірден есепшоттарын бұғаттап тастайды.

Айгүл Түркина, кәсіпкер:

- Борышкер мемлекеттік органдардың төлейтін ақшаларының мерзімі ұзартылады. Бірақ коммуналдық қызметке біз бережақ боп жатсақ, 3-4 күн арасында бәрін кесіп тастайды. Сонда заң алдында меморгандар мен кәсіпкерлер бір болмай тұрған сияқты. Неге жауапкершілік бірдей емес?

Мемлекеттік мекемелердің шығынына қаражат жыл басында бөлінеді екен. Оны ұтымды жұмсау – әр шенеуніктің міндеті.

Егер сот шешімі 2 айдан соң орындалмаса, мекеме басшысы әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылады да, жалақы, зейнетақы қорына міндетті аударымдардан басқа есепшоттарының барлығы бұғатталады. Ал, кәсіпкерлер мемлекеттік органдардан алажағы бойынша прокуратураға жүгіне алады.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу