Рудный қаласындағы 60 көпбалалы отбасыға жаңа пәтер беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рудный қаласындағы 60 көпбалалы отбасыға жаңа пәтер беріледі

13.03.2019

Жергілікті билік өкілдері осылай деп отыр. Соның арқасында баспанаға мұқтаждардың қатары азаймақ. Жалпы, көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қазір баса мән беріліп отыр.

Гүлзия Кәкенова 7 баланың анасы. Үлкені 17-де, кішісі 5-те. Жолдасы келісімшартсыз, кезіккен жұмысты істейді. Яғни, табысы тұрақсыз. Өзі мемлекеттен тек көпбалалы ана ретінде 16 мың теңге алады. Отбасының бар кірісі - осы. Бір реттік әлеуметтік көмек алуға құжаттарын енді дайындап жатыр.

Гүлзия Кәкенова, көпбалалы ана:

- Өз балам болғасын біреуге міндет қылуға хақым жоқ. Өз күшіммен күн көруім керек деп ойлаймын.

Тұрмыс тақсыретіне төзгенмен баспананың жайсыздығына көндігу қиын. Ескі үйдегі екі бөлмелі пәтерді 12 жыл бұрын 100 мың теңгеге сатып алған. Жұбайымен екеуі қолдан келгенше жөндеп, адам тұратындай жағдайға жеткізді. Бірақ 9 мүшесі бар отбасы үшін қазір екі бөлме әрі тар, әрі күн өткен сайын тозып барады.

Гүлзия Кәкенова, көпбалалы ана:

- Қыз балалар болғасын, олардың бөлек бөлмесі болса дейсің. Ұлдарға бөлек бөлме керек. Ал бізде екі-ақ бөлме. Үйдің кезегіне тұрдым.

Ресми мәліметке сүйенсек, Рудный қаласында 312 көпбалалы отбасы бар. Соның 95-і баспана кезегінде тұр. Биыл қалада әрқайсы 60 пәтерлік екі көпқабаты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жоспар бойынша қазан айында салынып бітуі тиіс. Осы жаңа үйлердің бірі толығымен көпбалалы отбасыларға берілмек. Яғни 60 отбасы баспаналы болады. Олардың қатарында Гүлзия Кәкенова да бар.

Әнуар Есқатов, Рудный қаласы әкімінің орынбасары:

- Ол кісі баспанаға мұқтаждардың қатарында. Барып, баспана жағдайын тексеріп көрдік. Көмек жасаймыз. Олар жаңағы үй алатын алпыстың ішінде бар. Енді қазан-қараша айларында жаңа үйге кіреді деп айта аламын.

Биыл Рудный қаласында демеушілер көмегімен 70 көпбалалы отбасына тегін азық-түлік таратылды. 30 отбасына коммуналды қызмет төлемдеріне 800 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Сонымен қатар өз кәсібін ашам дегендерге несие беру, жұмысқа орналастыру жағынан да көпбалалы отбасыларға басымдық беріледі.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу