Қазақстанда Boeing 737 MAX ұшақтарын пайдалану уақытша тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда Boeing 737 MAX ұшақтарын пайдалану уақытша тоқтатылды

13.03.2019

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитетінің өкілдері мәлімдеді. Эфиопиядағы әуе кемесінің апатына байланысты әлемнің өзге де елдері лайнердің бұл түрін қолданыстан шығарып тастады.

Вoeing 737 Мах 8. Төртінші жаңа буынды ұшақ. Ұзындығы – 40 метрге жуық лайнердің ішіне 210 жолаушы сияды. Қанатының ауқымы – 36 метр. 6,5 мың шақырым ұзақтыққа дейін ұша алады. Әуе кемесінің дәл осы түрі әлем бойынша ең көп саудаланған.

Солардың бірін «SCAT» әуе компаниясы былтыр 115 млн долларға сатып алды. Яғни, Қазақстан әуе кемелерінің рейстерінде мұндай бір ғана ұшақ тіркелген.

Былтыр қарашада дәл осындай ұшақ құлап, 189 жолаушы қаза тапса, 3 күн бұрын Эфиопиядағы апаттан 157 адам опат болған еді. Яғни, соңғы 5 айда Boeing 737 Мах 8 ұшағы екі рет құлаған.

Дәулетбай Серікбаев, Азаматтық авиация комитеті мемлекеттік авиация инспекторы:

- Мұндай шара ең алдымен жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Ұшақтың қолданыстан уақытша шығарылуынан жолаушылар зардап шекпейді. «SCAT» әуе компаниясының тағы 6 әуе кемесі бар. Сондай-ақ, ешбір рейстің шегерілмейтінін айтқым келеді.

Мамандар қос апатқа да ұшақтың автоматтандырылған жүйесінің істен шығуы себеп болуы мүмкін деп отыр. Яғни, пилоттар қанша тырысса да, кемені басқара алмай қалған. Екі оқиға да ұшақ әуеге енді көтерілгенде болыпты. Қос жағдайда да әуе кемесі минутына шамамен 400 метр жылдамдықпен құлаған. Сол себепті әлем елдері оны жаппай алып тастап жатыр.

Кейт Бридж, жолаушы:

- Стамбулдан Лондонға сапарлап бара жатқанда ұшағымыз Түркияға қайтарылды. Мұндай шешім ауа райына байланысты жасалды деп ойладық. Алайда, бұл Эфиопиядағы трагедиядан соң қолға алынған шара екен.

Атап айтсақ, Ұлыбритания, Ирландия, Франция, Австрия, Голландия, Түркия, Германия сынды мемлекеттерде барлық Boeing 737 MAX ұшақтары үшін әуе кеңістігі жабылды. Ал, қазақстандық «SCAT» компаниясы болса, мұндай ұшақтың әлі бесеуін сатып алуға келісімшарт жасасқан. Енді одан бас тарта ма, тартпай ма әлі белгісіз.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу