Астанада «Ирак аспаны астында: қазақ және поляк бітімгерлері» атты фотокөрме ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Ирак аспаны астында: қазақ және поляк бітімгерлері» атты фотокөрме ашылды

13.03.2019

«Ирак аспаны астында: қазақ және поляк бітімгерлері». Астанадағы Ұлттық музейде осындай атаумен фотокөрме ашылды. Жылжымалы халықаралық көрмеде екі елден осы миссияны орындаған әскерилердің суреттері қойылған. 50-ден астам туындының ішінде Иракта ерлікпен қаза тапқан капитан Қайрат Құдабаевтың өзі түсірген фотолары да бар.

2005 жылы миссияны орындау барысында қайтыс болған қазақ бітімгері І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Жалпы, Қазақстаннан Иракқа 290 әскери барып қайтқан. Олар 4 миллионнан астам жарылғыш затты жойып, 6700 текше метр суды тазалаған. Ал, 572 курсант Ирак әскери академиясында саперлікті оқып шықты. Қазақ әскери дәрігерлері әйелдер мен балалаларға медициналық көмек көрсеткен. Міне, осындай биік миссияны орындау барысы көрмеге қойылған суреттерден көрініс тапқан. Шараға бітімгер ардагерлер, Қорғаныс министрілігінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Варшавамен интернет арқылы байланыс орнатылды.

Мира Құдабаева, Көрме ұйымдастырушысы, бітімгер Қайрат Құдабаевтың әпкесі:

- Қайрат қаза тапқаннан кейін онымен қызметтес болған әскерилер дискетада сақтаулы фотолар беріп жіберді. Көптен бері жүзеге асыра алмай келген ойым еді. 10 жылдан артық уақыт ішінде 300-дей фото жинадым. Оларда Ирактағы бітімгерлік миссияға қатысқан 10 отрядтың бәрі бар. Польша дипломаттарымен бірлесіп, осындай шара ұйымдастырып жатырмыз. Бұған дейін бұл көрме Алматыда өткен. Ал, мамырдың 29-ы халықаралық БҰҰ бітімгерлер күніне орай бұл көрме Варшавада ашылады.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу