Амал мерекесін Маңғыстау жұртшылығы ерекше сән-салтанатымен атап өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Амал мерекесін Маңғыстау жұртшылығы ерекше сән-салтанатымен атап өтеді

14.03.2019

Бүгін, 14 наурыз - Көрісу күні немесе Амал мерекесі. Адамдар бұл күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, араздықты ұмытып, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көктемге аман есен жеттік деп, дастархан жайып, үлкендерге сәлем беріп, құттықтап жатады. Амалды әсіресе, батыс өңірлер, оның ішінде Маңғыстау жұртшылығы ерекше сән-салтанатымен атап өтеді. Дәстүр бойынша көпшілік Отпан таудың басында жиналады. Биылғы шара республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Сондай-ақ, көрші елдерден көптеген ғалымдар мен тарихшылар қатысты.

Амал мерекесін тойлау кеше басталды. Тарихи тұлғаларды сомдаған азаматтар 200- ге жуық атты тізгіндеп, Ақтаудан Отпан тауға дейін 140 шақырым жүріп келді. Ұйымдастырушылар осылай атқа міну мәдениетін көрсету арқылы, көшпенді қазақтың тарихын бүгінгі ұрпақтың жадында жаңғыртты.

Ынтымақ пен татулықтың көрінісі болған мерекенің маңызды сәті-«Бірлік оты» да жағылды.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Отпан тау - Қаратаудың ең биік шоқысы. Маңғыстау халқы үшін киелі, тарихи орын. Сондықтан, олар бүгін осында жиналып, бір-бірімен көріседі. Кішілер үлкендерге сәлем береді, үлкендер батасын береді. Сол үрдіс биыл да жалғасты. Отпан таудың басында 10 мыңнан астам адам жиналды.

Қыстан аман-есен шығып, көктемнің шуағына жылынған көпшіліктің қуанышында шек жоқ. Тұрғындар мен өңір қонақтары қаз-қатар тігілген ақ шаңқан  киіз үйлерден дәм татып, өнерпаздардың ән-жырын тыңдады. Мақсат ақсақал бұл мерекені туған елі Өзбекстанда да атап өтеді. Бірақ, маңғыстаудағыдай ерекше көңіл бөліндейді, дейді. 

Мақсат Сапарұлы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Ол жақта Наурыз дейді гой өзбекше. Қазақстанға келгенде 14 наурыз күні көрісетін болдық. Ана жақта 13 күні Самарқандтың көк тасы еритін күні. Тас жұмсайды, асаны шаншып, қайта суырып алуға мұрша береді дейтін еді.

Мерекелік бағдарламаның мазмұны кең. Қонақтар салт-дәстүрмен ұштасқан спорттық ойындарға қатысып, ат жарысын тамашалады. Өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы, жергілікті өнімдердің жәрмеңкесі, қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрме көпшіліктің назарында болды.

Тілек Мырзағали, Атырау қаласының тұрғыны:

Біз Атыраудан келіп тұрмыз, жылда келіп қызықтаймыз осы жаққа. Барғанда айтып отырамыз дастарханда. Табақ алыңдар, сәлем етіңдер, осы мына Маңғыстауда болып жатқан татулыққа, бірлікке мына құшақтасып амандасқанның өзіне не жетеді деген тілегімізді білдіреміз. 

Қарлығаш Сағындықова, Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны:

Осы Маңғыстаудағы Көрісу мерекесінің кереметтігін естіп, соны көрейікші деп құрбым екеуміз келіп едік. Мына мерекелеріңізді көріп жатырмын өте керемет. Осы мерекені біз де шығысқа барып дәріптеп, көрсетсек.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Ескі жылдың шығып, жаңа жылдың келуін білдіретін Амал мерекесіне маңғыстаулықтар ерекше мән береді. Бұл ұлттық салт дәстүрді көрсете отырып, халықтың бірлігін насихаттайтын мереке. Әрі, жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, мәртебесі артып келеді. Енжеше, Амал мерекесі құтты болсын, ағайын!

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ 

Хабарламаларға жазылу