«Қарағанды - Астана» автобанындағы сыр берген жол бөлігін мердігерлер толықтай өз қаражатына қайта жөндейтін болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қарағанды - Астана» автобанындағы сыр берген жол бөлігін мердігерлер толықтай өз қаражатына қайта жөндейтін болады

15.03.2019

«Қарағанды - Астана» автобанындағы сыр берген жол бөлігін мердігерлер толықтай өз қаражатына қайта жөндейтін болады. Жолдың сапасымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр танысып, кеткен қателікті дұрыстауға тапсырма берді.

Естеріңізге сала кетейік, төселгеніне бір-ақ жыл болған бетон жолдың біраз жері жарылып, халық наразылығын тудырған еді. Сондай-ақ, министр Теміртаудағы металлургиялық зауытқа да ат басын тіреді. Кәсіпорын күзде болған техникалық ақаулардан кейін енді өндірістік қуаттылығына шыққан.

Соған қарамастан, компания жылдық өнім көлемін арттыруды мақсат етіп отыр. Зауыт жұмысшыларының жалақысы қаңтар айынан бастап 10 пайызға өскен. Бұған қоса құрышты қаладағы жылу энергия орталығын жаңғырту жұмыстары үшін жарияланған тендер жеңімпазы анықталған.

Жақын арада Ресей федерациясының Подольский машина құрастыру зауыты орталықтағы жөндеу жұмыстарын бастайды. Роман Скляр толықтай сандық жүйеге көшкен Қарағанды құю-машина жасау зауытына да барды. Қазір кәсіпорын ресейлік әріптестермен арадағы өндірістік байланысты арттырмақ ниетте. Бірқатар құжаттар рәсімделген соң, Ресейдегі  машина құрастыру зауыттары үшін осында бөлшектер құйыла бастайды. 

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Қарағанды облысындағы индустрияның даму қарқыны жақсы. Жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Өңір инфрақұрылымын жаңғыртуға күш салынуда. Көлік логистикасы жақсы дамып келеді. Әрине жұмыс болған соң олқылықтар кетеді.

Мәселен, автобан құрылысында қателік болған.  Жаңа бетонның біраз жері жарылды. Бұл проблема қоғам наразылығын тудырғаны да рас. Мердігерлерге нақты тапсырма берілді. Олар өз қателіктерін тамыз айына дейін дұрыстауға міндетті. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу