Бұл - тұрмысы төмен азаматтарды қолдау тұрғысында республикада баламасы жоқ жоба. Бір жылда 2700 отбасына қолдау көрсетілді. 22 адам жұмыспен қамтылды. Ал, күн сайын 250 жанұяға тегін ыстық тамақ беріледі.
Айсұлу Бахиева – жалғызілікті, көпбалалы ана. 7 бүлдіршінімен осы екі бөлмелі кішкентай пәтерде тұрады. Отбасының жалғыз кіріс көзі - мемлекеттік жәрдемақы. Сол ақшаға тамақ ішеді, киім киеді, пәтерақы төлейді, коммуналдық төлем тағы бар. Сондықтан Айсұлуға «Сыр мейірімі» жобасы өте тиімді болып тұр.
Айсұлу Бахиева, Тасбөгет кентінің тұрғыны:
- Ыстық тамақты бір мезгіл барып ішеміз, алып келіп, 7 баламызбен 2 порция тамақ береді. Соны бөліп ішеміз. Кешке бұйырғанын жейміз.
Қалада мұндай отбасы көп. Олардың барлығына тегін ыстық тамақ беріледі. Тізім екі ай сайын жаңарады. Яғни, көмекті қажет еткен отбасылардың барлығын қамту үшін кезектілік ауысып тұрады.
Алтын Есқараева, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс негізінде үкіметтік емес ұйымдар арқылы ұйымдастырылып отыр. Қаланың шет жағында орналасқан қоғамдық тамақтандыру орындары арқылы 250 отбасын қамтимыз.
90 адамның үйіне ыстық тамақ күн сайын жеткізіліп беріледі. Арнайы ыдысқа құйылады. Ал, оның сапасы құзырлы мекеменің бақылауында.
«Сыр мейірімі» жобасының ауқымы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Бірде-бір отбасы назардан тыс қалмауы керек. Сондықтан былтыр жобаны жүзеге асыру үшін 33 миллион теңге бөлінсе, биыл облыстық бюджеттен 47 миллион теңге қаралған.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ